Accessibility links

Қазақстанда ұсталған Айхал Аммосов пен Наталья Нарскаяға "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілді


Якутияда соғысқа қарсы пикет өткізіп тұрған Айхал Аммосов (Игорь Иванов).
Якутияда соғысқа қарсы пикет өткізіп тұрған Айхал Аммосов (Игорь Иванов).

Алматыда ұсталған ресейлік педагог Наталья Нарская мен саха белсендісі, музыкант Айхал Аммосов (Игорь Иванов) "пана іздеуші тұлға" куәліктерін алды. Екі азаматтың құжат алғанын адвокат Мурад Адам хабарлады. Бұл туралы SOTA телеграм-арнасы да жазды.

"Қазақстанға босқын мәртебесін алу үшін Саха республикасынан келген Айхал Аммосов (Игорь Иванов) пен Ресейдің Мәскеу облысынан келген, Ресейде "армия беделіне нұқсан келтірді" және "экстремизмге шақырды" деп ойдан құрастырылған айып тағылған Наталья Нарскаяға "пана іздеуші тұлға" куәліктері берілді" деп жазды адвокат Мұрат Адам Инстаграм парақшасында. Оның айтуынша, бұл статус оларды Ресейге экстрадциялау туралы шешімді тоқтатады. Сәйкесінше жергілікті прокуратураға да сондай ескерту жіберілген.

Саха белсендісі Айхал Аммосов пен Наталья Нарскаяны қазан айында Алматы полициясы Ресей өтініші бойынша ұстаған. Екеуіне де қарсы Ресейде іс қозғалған.

Якутияда соғысқа қарсы акция өткізгеннен кейін Аммосовқа қарсы "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазақстанға келгеннен кейін де ол соғысқа қарсы қызметін жалғастырған. Қазан ортасында оған қарсы тағы бір іс "терроризмді ақтау" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.

Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынаған Наталья Нарскаяға қарсы "бұқаралық ақпарат құралдары арқылы экстремистік әрекетке шақырды, әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған.

Қазақстан билігі Ресей сұрау салған кейбір азаматтарын еліне қайтарған. Былтыр жылдың аяғында Қазақстан мобилизациядан қашқан Федерациялық күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді құқық қорғаушылардың сынына қарамастан Ресейге қайтарды. Ол былтыр қыркүйекте шекараны заңсыз кесіп өтіп, қазақстандық шекарашылардың қолына түскен. Кейін босатылып, қаладан кетпеу туралы қолхатпен жүрген. Жилин саяси босқын мәртебесін сұрады, бірақ Қазақстан билігінен өтініші орындалмайтыны туралы жауап алды. Биыл Ресей соты Жилинді мобилизация кезінде әскери қызметтен қашу, шекараны заңсыз кесіп өту баптары бойынша 6,5 жылға соттап, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге жіберді. Жилиннің туыстары Ресейде ол азаптауға тап болатынын айтқан еді.

Қазақстан босқын мәртебесін сұраған Ресей азаматы Игорь Санджиевтің де өтінішін орындамады. Оған да қазір депортация қаупі төніп тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG