Accessibility links

Израиль армиясы Газа қаласын қоршауға алғанын хабарлады


Газа секторында жүрген Израиль жауынгерлері
Газа секторында жүрген Израиль жауынгерлері

Израиль жаяу әскері Газа секторындағы Газа қаласын қоршауға алды. Бұл туралы Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) өкілі Дэниэль Хагари мәлімдеді. Ол қазір Газа секторын бақылауда ұстап отырған ХАМАС радикал тобымен бітімгершілік және соғысты тоқтату туралы әңгіме болуы мүмкін емесін айтты.

БҰҰ-ның Газа секторында бомбадан жасырынатын орынға айналған төрт мектебі кейінгі бір күнде атыс-шабыстан зардап шеккен. БҰҰ-ның палестиналық босқындар ісі жөніндегі агенттігі Жабалия лагеріндегі мектепте 20 адам қаза тапқанын мәлімдеді.

Израиль әскері Газа қаласын қоршап тұрғанын бейсенбіде ЦАХАЛ штабының бастығы Герци Халеви хабарлады. Ресми ақпаратқа сәйкес, құрлық операциясы ауқымы кеңейген соң аймақта Израильдің 20-ға жуық жауынгері қаза тапқан.

Газа қаласында 640 мың адам тұрады, бұл Газа секторындағы халықтың шамамен 35 пайызына тең. Израиль жағы Газа қаласы ХАМАС тобының орталығына айналғанын, онда күрделі инфрақұрылым желісі, соның ішінде жер асты туннелі салынғанын айтып отыр.

Бейсенбіде шетел азаматтары мен жараланған палестиналықтар – барлығы 400-ге жуық адам Газа секторынан шықты. Эвакуация Египет шекарасындағы жалғыз ашық тұрған Рафах бақылау-өткізу пункті арқылы жүріп жатыр.

2 қарашада Рафахтан Газаға гуманитарлық көмек тиеген 45 жүк көлігі өтті.

Бұған дейін ХАМАС тобы Газадан шығуға рұқсаты бар 600-ге жуық шетел азаматы мен қос азаматтығы бар палестиналықтардың тізімін жариялаған. Тізімге жүздеген америкалық азамат ілінген. Одан бөлек шекарадан шығуға Жапония, Австрия, Чехия, Финляндия, Австралия, Болгария, Индонезия, Иордания азаматтарына рұқсат берілді.

Египет сыртқы істер министрлігі Каир аймақтан жеті мың шетел азаматын шығаруға жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Эвакуацияның алғашқы күні, 1 қарашада Газадан 350-ге жуық шетел азаматы мен 80-нен астам жараланған палестиналық шығып кеткен.

Жараланғандарды әзірге Египет аумағындағы шекара бекетіне жақын әскери госпиталге жайғастырған. Reuters агенттігінің жазуынша, Израиль Еуропа елдерінен Газаға сектордан кетуге рұқсаты бар жараланған палестиналықтар үшін медициналық тасымалға арналған кеме жіберуді сұраған.

Израиль телеграм-арналары Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Женин қаласына ЦАХАЛ өкілдері кіргенін хабарлады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 3 қарашада Израильге тағы барғалы отыр. The New York Times газетінің жазуынша, мемлекеттік департамент басшысы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды 7 қазандағы жихадшылар кепіл қылып алған адамдарды босату мен Газа секторында гуманитарлық көмекті бөлу үшін әскери операцияда қысқа мерзімді үзіліс жасауға шақырады.

Израиль 7 қазанда ХАМАС пен "Исламдық жихад" топтары тұтқиылдан шабуыл жасаған соң жауап ретінде Газада "Темір қылыш" операциясын бастаған, ол әлі жалғасып жатыр. Шабуыл салдарынан Израильде 1400 адам қаза тапқан, содырлар шамамен 250 адамды Газаға күштеп алып кеткен.

ХАМАС бақылауындағы Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі ЦАХАЛ шабуылынан тоғыз мыңнан аса адам қаза тапқан, оның үштен екісі — әйел мен бала деп хабарлады. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөздер жоқ.

Израиль Газада ХАМАС тобын толығымен жоюды мақсат ететінін бірнеше рет мәлімдеді. Bloomberg агенттігі АҚШ пен Израиль соғыс аяқталған соң секторға көпұлтты күштерді орналастыруды қарастырып жатыр, оның ішінде Американың әскери күші болуы мүмкін деп жазды.

Одан бөлек Таяу Шығыс елдеріне АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия әскерінің қолдауына сүйеніп, секторды уақытша бақылауға беру мүмкіндігі де қарастырылды. Al Arabia арнасы Египет ондай ұсыныстан бас тартқан деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG