Accessibility links

ХАМАС Газада тұратын шетелдік азаматтарды ауданнан шығаруға дайын екенін айтты


Палестиналық Қызыл Жарты Ай ұйымының қызметкерлері Египеттен Рафақ шекара бекеті арқылы Газа секторына кірген көліктерден гуманитарлық жүкті түсіруге бара жатыр. 21 қазан, 2023 жыл
Палестиналық Қызыл Жарты Ай ұйымының қызметкерлері Египеттен Рафақ шекара бекеті арқылы Газа секторына кірген көліктерден гуманитарлық жүкті түсіруге бара жатыр. 21 қазан, 2023 жыл

Газа секторын бақылап отырған ХАМАС радикал тобы шетел азаматтарының ауданнан кетуіне рұқсат беруге дайын екенін хабарлады. Әзірге Австрия, Австралия, Болгария, Индонезия, Иордания, Финляндия, Чехия мен Жапония азаматтарының шығуына рұқсат бар. ХАМАС бұл шешім кепілде отырған адамдарға қатысты емес, тек Газада тұрып жатқан шетелдік азаматтар жөнінде екенін айтқан. Неліктен дәл осы елдер таңдалғаны әзірге белгісіз.

ХАМАС шетел азаматтарын Қызыл Крест пен басқа да халықаралық ұйымдар қызметкерлерімен бірге Египетке шығаруға уәде береді. Тізімде қос азаматтығы бар палестиналықтарды қосқанда 430 адам бар.

Бірқатар елде террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобы тұтқындағы шетел азаматтарының бір бөлігін кейінірек босатуға уәде етіп отыр, бірақ оның нақты уақыты мен шарты белгісіз. Израиль тарабы Газа аумағында 250-ге жуық адам кепілдікте отыр дейді.

Израиль 7 қазанда елдің оңтүстігіне тұтқиылдан шабуыл жасаған ХАМАС пен "Исламдық жихад" тобына жауап ретінде Газа секторында "Темір қылыш" әскери операциясын жүргізіп жатыр. Израильге қарсы жасалған шабуылдан 1400 адам қаза тапқан.

ХАМАС бақылауындағы Газа секторының билігі Израиль қорғаныс армиясы жасаған шабуылдан сегіз мыңнан аса адам қаза тапты деп мәлімдеді. Бұл ақпаратты өзге тәуелсіз дерек көздерінен растау мүмкін болмай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG