Accessibility links

АҚШ Конгрессі Израильге 14,3 млрд доллардың көмегін беру жоспарын қабылдады


АҚШ Конгрессі өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон
АҚШ Конгрессі өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон

Бейсенбіде АҚШ Конгрессінің өкілдер палатасы Израильге ХАМАС радикал тобына қарсы күреске 14,3 миллиард доллар көлемінде көмек көрсету жөнінде республикашылдар ұсынған жоспарды мақұлдады. Құжат сенаттағы демократтар бұл заң жобасының болашағы жоқ деген сөзіне және Ақ үйдің оған вето қоюға уәде бергеніне қарамастан қабылданды деп жазды "Америка дауысы".

Құжатты 226 адам қолдап, 196 адам қарсы дауыс берді. Республикашылдардың көбі заң жобасын қолдады, ал демократтардың басым бөлігі қарсы болды.

Бұл өкілдер палатасының жаңа спикері болып республикашыл Майк Джонсон сайланғалы бері енгізілген алғашқы ірі заңнамалық бастама болды. Президент Джо Байден құжатқа вето қоямын деп сес көрсетті, ал сенаттағы демократтар жетекшісі Чак Шумер құжатты дауысқа қоймайтынын айтты.

Бұған дейін президент Байден Конгресстен Израиль, Тайвань мен Украинаны қаржыландыруға және гуманитарлық көмекке жиынтығы 106 млрд доллар бөлуді сұраған. Шумер сенат қос партияның кеңірек басымдықтарды қамтитын заң жобасын қарастыратынын айтты.

Өкілдер палатасы қабылдаған заң жобасы Израиль қарулы күштеріне миллиардтаған доллар, соның ішінде зымыранға қарсы Израильдің "Темір күмбез" бен "Дәуіт шоқпары" деп аталатын қорғаныс жүйелеріне төрт млрд доллар бөлуді көздейді. Бұған қоса заң жобасында АҚШ қоймаларындағы әскери техника мен құрал-жабдықтың кейбір түрін беру қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG