Accessibility links

Ресей "Медиазона" сайтының бұрынғы басшысын сырттай 8,5 жылға соттады


Петр Верзилов
Петр Верзилов

Мәскеу соты Pussy Riot тобының мүшесі, "Медиазона" сайтының бұрынғы басшысы Петр Верзиловты Ресей әскері туралы "жалған ақпарат таратты" деп айыптап, 8,5 жылға бостандығынан айыру жөнінде сырттай үкім шығарды. Бұл туралы "Медиазона" хабарлады.

Істің қозғалуына Верзиловтың X (бұрынғы Twitter) пен Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында былтыр Ресей әскері Украинаға басып кіріп, жаулап алған Буча қаласындағы қырғын туралы жазбасы түрткі болған. Тергеу Верзиловтың жазбаларында "әлеуметтік шиеленістің негізсіз артуына және Ресей мүдделеріне зиян тигізетін" меңзеу бар деп қорытқан. Үкімде Петр Верзиловтың жазбалары "азаматтарда арнайы әскери операцияның мақсат-міндеті туралы жалған ой-пікір қалыптастыруға шынайы қауіп төндіргені" айтылған.

Украина билігі, БҰҰ, ЕҚЫҰ мен журналистердің зерттеулері Ресей әскері 2022 жылдың ақпан-наурыз айында Буча қаласын басып алған кезде жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапты деген қорытынды жасады. Ресей әскерінің Бучадағы бейбіт тұрғындарды өлтіргеніне дәлел болатын құжатқа түсірілген деректер бар. Ресей болса "Украина өзі өлтіріп, арандатып отыр" деп мәлімдеген.

Ресей прокуратурасы Петр Верзиловқа тоғыз жыл жаза кесуді сұрады, адвокат қорғауындағы азаматты ақтауды талап етті. Верзилов биыл қазанда ресейлік блогер Юрий Дудьке Украина қарулы күштері қатарында соғысып жатқанын айтқан соң "Медиазона" басшысы қызметінен кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG