Accessibility links

Қырғызстанда ұрланған белсенді Мәскеу тергеу изоляторынан табылды


Ресейлік белсенді Лев Скорякин.
Ресейлік белсенді Лев Скорякин.

Қырғызстанда 17 қазанда жоғалған ресейлік белсенді Лев Скорякин Мәскеудің "Бутырка" тергеу изоляторынан табылды. Бұл жөнінде "Черная книга капитализма" және "Мемориал. Саяси тұтқындарды қолдау" ұйымдары хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Скорякинді Бішкекте заңсыз ұрлап әкеткен күннің ертесінде Ресейге күштеп жеткізген. Оны Бішкекте ұшаққа отырғызып, қандай да бір процессуалдық статуссыз тергеу изоляторына отырғызған.

Құқық қорғаушылардың сөзінше, тергеу изоляторының қызметкерлері оның қайда екенін жасырып, "Ресейге өз еркімен оралдым" деп айтқызу үшін азаптаған.

  • Ресейден қашып, Бішкекте тұрып жатқан белсендіні, Владимир Путин Қырғызстанға ресми сапармен барғаннан кейін бірнеше күннен соң, белгісіз біреулер үйінен күштеп ұстап, алып кеткен. "Новая газета" басылымының жазуынша, 17 қазанға қараған түні ол тұрып жатқан үйге екі көлікпен он адам барып, ұстап әкеткен. Белсендіні әкеткен адамдар өздерінің милиция қызметкерлері екенін айтқан.
  • Маусымда да Бішкек Скорякинді Ресей өтініші бойынша ұстаған. Ресейде оған "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оған жеті жыл түрме жазасы қаупі төніп тұр.
  • 23 жастағы Скорякин мен әріптесі Руслан Абазов 2015 жылы құрылған, солшыл көзқарастағы азаматтарды біріктіретін “Солшыл қарсылық” қозғалысына мүше. Ресейдің ішкі істер министрлігі оларға 2021 жылы Федералдық қауіпсіздік қызметі ғимаратының жанында от жағып, оппозициялық плакат ұстап, “Чекистер күнімен!” деп ұрандағаны үшін іздеу жариялаған.
  • Скорякин Бішкекте тергеу изоляторына қамалған, ізінше қыркүйекте босатылған. Қырғызстан бас прокуратурасы оны Ресейге экстрациялауға тыйым салған. Белсенді Қырғызстан билігінен босқын мәртебесін сұраған.
  • "Мемориал" мәліметінше, белсенді Қырғызстаннан Германияға кетпек болған: ол 16 қазанда гуманитарлық виза мен паспортқа қол жеткізген. Алайда Владимир Путин Қырғызстанға келген күні паспорты тәркіленіп, елден ұшып кете алмаған.

XS
SM
MD
LG