Accessibility links

Израиль ХАМАС содырлары мінген жедел жәрдем көлігіне шабуылдады


Израиль шабуылынан қираған жедел жәрдем көлігі. Газа секторы, 3 қараша 2023 жыл.
Израиль шабуылынан қираған жедел жәрдем көлігі. Газа секторы, 3 қараша 2023 жыл.

Израиль армиясы Газа секторының солтүстігінде жедел жәрдем көліктеріне соққы жасады. Израильдің тұжырымдауынша, көлікте ХАМАС содырлары болған. БҰҰ мен "Дүниежүзілік денсаулық сақтау" ұйымдары оқиғадан "шошынды".

Палестиналық Қызыл жарты ай қауымының мәлімдеуінше, шабуылдың салдарынан 15 адам қаза тапқан, 60 адам жараланған.

"ХАМАС жедел жәрдем көліктерін содырлар мен қару-жарақты соғыс алаңына жеткізуге пайдаланады. Бұл бірінші рет болып отырған жоқ" деді Израиль армиясының өкілі Джонатан Конрикус.

Израиль әскерінің мәліметінше, ХАМАС-тың бірнеше содыры өлген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшісі Тедрос Аданом Гебрейесус жедел жәрдемге жасалған шабуылды айыптады.

"Газадағы аурухана науқастарын тасымалдайтын жедел жәрдем көлігіне жасалған шабуыл бізді қатты күйзелтті" деп жазды Гебрейесус.

Ол науқастар мен медицина қызметкерлері, медицина мекемелері мен жедел жәрдем көліктері әрқашан қорғалуы керек деп мәлімдеп, атысты тоқтатуға үндеді.

"Газада Әл-Шипа ауруханасының маңында жедел жәрдем көлік колоннасына жасалған шабуыл туралы хабар мені қатты шошытты. Көшеде шашылып жатқан мәйіттердің суреттері қорқынышты" деп мәлімдеді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.

  • Израиль 7 қазанда ХАМАС пен "Исламдық жихад" топтары тұтқиылдан шабуыл жасаған соң жауап ретінде Газада "Темір қылыш" операциясын бастаған, ол әлі жалғасып жатыр. Шабуыл салдарынан Израильде 1400 адам қаза тапқан, содырлар шамамен 250 адамды Газаға күштеп алып кеткен. Бес адам босатылған.
  • ХАМАС бақылауындағы Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі ЦАХАЛ шабуылынан тоғыз мыңнан аса адам қаза тапқан, оның үштен екісі — әйел мен бала деп хабарлады. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөздер жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG