Accessibility links

"Сіздерге бәрібір болмауы үшін тағы қанша шахтер өлуі керек?!" Алматы тұрғыны пикетке шықты


46 кенші қаза болған Қарағандыдағы қайғылы оқиғаға қатысты пикет өткізіп тұрған Алматы тұрғыны Ілияс Бейсенбай.
46 кенші қаза болған Қарағандыдағы қайғылы оқиғаға қатысты пикет өткізіп тұрған Алматы тұрғыны Ілияс Бейсенбай.

4 қарашада 21 жастағы Алматы тұрғыны Ілияс Бейсенбай пикетке шығып, адамдарды Қарағандыдағы 46 шахтердың өліміне бей-жай қарамауға шақырды.

Ол Алматының орталығындағы «Астана» алаңында бір сағатқа жуық уақыт тұрды. Пикет өткізуге қала әкімдігінен рұқсат алған.

Ілияс Бейсенбай Қазақстанда адамдардың еңбек құқығы тапталып жатыр деп есептейді. Азаматтарды бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырды. «Сіздерге бәрібір болмауы үшін тағы қанша шахтер өлуі керек?!», деп айқайлады.

- Мен бұл жерде қайыр сұрап тұрған жоқпын, көмекке шақырып жатырмын. [Қарағандыдыда] 46 адам тірідей жанып кетті. Бұл "АрселорМиттал Теміртау" шахтасындағы алғашқы өлім емес. Олар Қазақстанда жұмыс орнында жүріп қаза болған алғашқы жұмысшылар емес. Өйткені олардың еңбек құқығын ешкім құрметтемейді. Сіздерге бәрібір болғаны ма? Балалардың әкесіз қалуы, әйелдердің күйеусіз қалуына да бәрібір деп қарайсыздар ма? Мұның бәрі сіздерге бәрібір болмаған күнге дейін қайталана береді, - деді Ілияс Бейсенбай.

Ол шахталар мемлекеттік компанияға берілгеннен кейін де шахтерлер мәселе шешіле қояды дегенге сенбейді.

– [Билік] шахталарға енді кім иелік етеді деген сұрақпен бас қатырып жатыр. Мемлекеттік пе, жекеменшік пе, әлде шетелдік компания ма? Қазақстандық компанияның иелігіне өтсе, шетелдікке қарағанда жақсы жұмыс істеп кететін сияқты. Маңыздысы – кеншілердің өз құқығын қорғай алуы, қандай жағдайдағы шахтада жұмыс істегісі келетінін шеше алуы. Біздің елдің еңбек заңнамасы жылдары бойы жұмысшылардың пайдасына емес, кәсіпкерлер үшін ғана жұмыс істеп келді. Қазақстанда өндіруші және ауыр өнеркәсіп жұмысшылары езілген тап қатарына жатады. Жылдар бойы елді байытты, бірақ өздері қайыршы болып өмір сүрді, - деді Бейсенбай өткен-кеткен адамдарға бағыттап.

Ілияс Бейсенбай Жезқазғанда туғанын айтты. Оның айтуынша, әжесі, көп туысы және достарының жақындары Жезқазғандағы металлургия комбинатында жұмыс істейді.

Ол Қазақстан билігінен шахтерлерге тәуелсіз кәсіподақ құруға мүмкіндік беруін де талап етті.

– Оларға [кеншілерге] өздерін өзі қорғауға мүмкіндік берілсін. Үнемі кәсіпкерлерді жақтай беруді қою керек. Кәсіпкерлер жұмысшылардың өмірін ойлауды қойды, - деді ол.

Бүгін, 4 қарашада премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын сатып алатын инвестор табылғанын хабарлады. «Компанияның атын айта алмаймын. Бірақ ол – отандық инвестор. Нарықтағы баға бойынша сатып алады» деді Скляр үкіметте өткен брифингте.

28 қазанға қараған түні Костенко шахтасында жарылыс болып, өрт шыққан. Шахтадағы жұмысшылардың басым бөлігі — жер астында 252 адам болған — сыртқа шығып үлгерген. Апаттан 46 адам қаза тапты. Елде 29 қазанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылысқа көмір оятын жерде метанның жарылуы себеп болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG