Accessibility links

"Ашкөз қожайын" мен "селқос билік". Ондаған адамның өмірін жалмаған апат үшін кім жауапты?


Қазақстанның жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған шахтадағы ірі апаттың салдарынан Қарағанды облысында ондаған отбасы асыраушысынан айрылды.
Қазақстанның жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған шахтадағы ірі апаттың салдарынан Қарағанды облысында ондаған отбасы асыраушысынан айрылды.

46 кеншінің өмірін жалмаған шахтадағы жарылыс Қазақстан үкіметін әлемдік металлургия алпауытымен ынтымақтастықты үзуге мәжбүр етті. Қайғылы оқиға Қазақстан қоғамында өндірістегі апаттан көз ашпаған, жылдар өте қоршаған ортаның ластануын қалыпты дүние деп санауға көшкен инвестициялық жобаның тағдырына екі тараптың қайсысы жауапты деген сауалды өзекті етті.

ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕҢ ЖОЙҚЫН АПАТ

Әлемдік металлургия алпауытының құрамына кіретін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының қарамағындағы Иван Костенко атындағы шахтаға тиесілі ғимараттың мәжіліс залында қайғыдан қабырғасы қайысқан әйелдер ашына айқайлап жылап жатыр. Ал жас жігіттер жүзін төмен салып, орындықта дәрменсіз мелшиіп отыр.

Олар Қарағандының орталық-шығысындағы Иван Костенко атындағы көмір шахтасында болған, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жойқын жарылыстан кейін жер астында қалған туыс-жақындары мен әріптестерінен хабар алуға келген.

Шахтада қалып қойған кеншілерді құтқару шаралары жүріп жатқанда, олар туралы хабар күтіп, кәсіпорын ғимаратында отырған туыстары. Қарағанды, 29 қазан, 2023 жыл
Шахтада қалып қойған кеншілерді құтқару шаралары жүріп жатқанда, олар туралы хабар күтіп, кәсіпорын ғимаратында отырған туыстары. Қарағанды, 29 қазан, 2023 жыл

"Туысымның хабарын білуге келдім", – деді ер адам Азаттыққа.

Қабағы қатулы тағы бір адам әріптестерінен хабар ала алмай жүр. Өзі де Костенко шахтасында жұмыс істейді екен. Бірақ 28 қазанда – шахта жарылып, өрт тұтанып, 200-ден астам кенші жер астында қалған күні демалыста болыпты.

Қазақстан билігі "Ұлттық аза тұту күні" деп жариялаған 29 қазанда таңертең компания кеңсесіне түнеп шыққандардың көбі жақындарынан хабар алып қалармыз деп, "соңына дейін күткенімен", бір әйел адам күдер үзе бастағанын айтып қалды.

Шахтадағы жарылыстан қаза тапқандар саны 46 адамға жетті. 2006 жылы дәл осы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты шахтада 41 адам қаза тапқан жарылыспен салыстырғанда бұл жолы жарақат алғандар аз. Дегенмен бұл төтенше оқиға компания тарихындағы ең сұмдық трагедия болып қалмақ.

1990 жылдардың орта тұсында басталған инвестициялық ынтықмақтастық биыл тамыз айында шахтада жарылыс болып, бес адам қаза тапқаннан кейін-ақ тоқтауы керек еді.

Бірақ "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы иелік еткен жылдарда шахтадағы жарылыстардан қаза тапқан адам саны 200-ден асқанда ғана компания жұмысын тоқтататынын растады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты Костенко атындағы шахтада болған апаттан қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтып тұр. Қарағанды, 28 қазан, 2023 жыл. Ақорда сайтындағы фото.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты Костенко атындағы шахтада болған апаттан қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтып тұр. Қарағанды, 28 қазан, 2023 жыл. Ақорда сайтындағы фото.

Қаза тапқан кеншілердің туыстарымен кездескен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке "АрселорМиттал" компаниясымен ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бергенін жеткізді.

"Компания – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең нашар инвестор болды", – деді Тоқаев тәуелсіз БАҚ өкілдерін қатыстырмаған кездесуде.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өзі болса, өнеркәсіптегі апаттар тізіміне қатысты ресми тұлғалардың мәлімдемесінен кейін де, кейінгі бір жылдың көлемінде қоршаған ортаның ластануына қатысты да жұмған аузын ашқан жоқ.

Бірақ Тоқаев аймаққа келген күні компания содан біраз уақыт бұрын билікпен "келісімге" келгені және енді активтерін Қазақстан үкіметіне қайтарып беретіні туралы мәлімдеме жариялады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев Қазақстанның аймақтағы ең ірі инвестор – кеніштер мен болат зауыттарының интеграцияланған кешені үшін жаңа инвестор іздеуге ниетті екенін растады.

Бұл дәуірдің аяқталғанын білдіре ме? Бәлкім солай шығар, бірақ халық бірдеңе өзгере қоятынына сенбейді.

Үкімет биыл тамыз айында компанияның "Қазақстан" шахтасында болған, бес адамның өмірін жалмаған жарылыстан кейін "АрселорМиттал" компаниясының Қазақстандағы қызметі басқа елдердегі қызметімен салыстырғанда бірнеше есе қауіпті екенін мойындаған болатын.

"Жалпы, шетелдік инвестициялар саласында "ойын ережесін мемлекет белгілейді", – деп жазды белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев 28 қазан күні Facebook-парақшасына. – Егер бұл ережеде қарапайым жұмысшылардың мүддесін қорғауға орын болмаса, егер жергілікті билік олардың қауіпсіздігіне пысқырып та қарамаса, инвесторлар да өз білгенін істейді".

Досым Сәтпаев компанияның құзырындағы шахталарды "майдан алаңымен" салыстырды.

Иван Костенко атындағы шахтаның ғимараты алдында тұрған төтенше қызметтің адамдары мен медициналық жедел жәрдем көлігі. Қарағанды, 29 қазан, 2023 жыл
Иван Костенко атындағы шахтаның ғимараты алдында тұрған төтенше қызметтің адамдары мен медициналық жедел жәрдем көлігі. Қарағанды, 29 қазан, 2023 жыл

"СЕНДЕРГЕ БӘРІБІР!"

Костенко атындағы шахтадағы АрселорМиттал кеңсесіне жиналған адамдар – қаза тапқандардың туыстары Досым Сәтпаевтың Facebook-тегі постында жазылған "компания иелерінің ашкөздігі мен үкіметтің селқостығы" дегенді ажыратып жатпады.

– Елдің бетіне қалай қарайсың? Кеше неге ойланбадың? – деп жанұшыра айқайлады ашынған бір әйел Төтенше жағдайлар министрлігі мен компания қызметкерлері ұйымдастырған брифинг кезінде.

– Шахтада қашанғы жарылыс бола береді? Адамдар қашанғы қырыла беруі керек? Мұны тоқтатуға болмай ма? Сендерге бәрібір! – деді ашу-ызаға булыққан әйел.

Тіпті Тоқаев сөз сөйлеген кезде де жиналған жұрт шенеуніктердің жемқорлығын айтып шағымданды.

30 қазанда Қарағандының орталық мешітіне марқұмдарды жерлеуге жиналған кезде де қара жамылған халық арасында толқу байқалды. Жақындарынан айырылған бірнеше әйел естен талып құлап қалды.

Иван Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің жаназасы Әл-Мәшани мешітінде шығарылды. Қарағанды, 30 қазан, 2023 жыл
Иван Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің жаназасы Әл-Мәшани мешітінде шығарылды. Қарағанды, 30 қазан, 2023 жыл

Жарылыстан қаза тапқан 42 жастағы кеншінің әпкесі Сәуле Үкібаева бауыры бір кездері әріптесінің шахтада жараланып, мүгедек болып қалғанын көргеннен бастап ұйқысы қашып, ауруға шалдықты дейді.

"Анасы жұмыстан шық деп айтқан, – дейді Үкібаева. – Ол келіскен жоқ. Жұмысымды жақсы көремін дейтін".

Ресми өкілдердің жағдайына алаңдаған Мәдениет және ақпарат министрлігі 29 қазан күні БАҚ-қа сайттарына жарияланған жарылыс туралы материалдардың астындағы пікір жазу бөлігін жауып тастау жөнінде нұсқау жіберген.

Әйткенмен әлеуметтік желі халықтың ашу-ызасына толып қалды. Тіпті кейбіреулер "АрселорМиттал" компаниясының атқарушы төрағасы, тегі Үндістаннан шыққан британ миллиардері Лакшми Миттал сот алдында жауап берсін деген талап қойып жатыр.

Сол сияқты Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да жауап беруін талап етіп жатқандар көп. 83 жастағы Назарбаев осыдан 60 жыл бұрын өзі жұмыс істеген, совет дәуірінен қалған болат зауытын қайта жандандырғысы келіп, 1990 жылдардың орта шенінде Миттал мен оның компаниясын осы істі қолға алуға көндірген.

Алайда олардың қалай келіскені жөнінде еш жерде айтылмайды.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты Иван Костенко атындағы шахта. Қарағанды, 28 қазан, 2023 жыл
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты Иван Костенко атындағы шахта. Қарағанды, 28 қазан, 2023 жыл

Сондай-ақ әзірге мемлекет АрселорМиттал Темірдау копаниясымен ынтымақтастықты қалай тоқтататыны және үкімет алпауыт өнеркәсіп кешеніне инвесторды қандай шарттармен іздеп жатқаны туралы да егжей-тегжейлі мәлімет жоқ.

Қазақстандықтар тек бір нәрсеге нық сенімді.

Жұмысшылардың құқығы қорғалатын, тәуелсіз кәсіподақтар қызметі Қазақстандағыдай басып-жаншылмайтын елдерде мұндай оқиғалар дәл бұлай жиі қайталанбайды.

"Азаматтардың саяси құқығы шектелген мемлекеттер аумағында ғана осы сияқты адам өліміне алып келетін жазатайым оқиғалар қайта-қайта болады", – деді Батыс Қазақстан облысында тұратын журналист Лұқпан Ахмедияров 29 қазанда YouTube-тегі "Просто журналистика" бағдарламасында.

"Қазақстанда кейінгі 5-7 жылда кеншілер кәсіподағы басқарушы партияның мүддесінен аса алмай отырғанын көруге болады", – деді Ахмедияров.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG