Accessibility links

Ұлытау облысының құтқарушылары Қарағанды және Шахтинскідегі әріптестерінің талаптарын қолдады


Қаражал кәсіби әскериленген апаттық-құтқару отрядының қызметкерлері.
Қаражал кәсіби әскериленген апаттық-құтқару отрядының қызметкерлері.

Ұлытау облысының Қаражал кәсіби әскериленген апаттық-құтқару отрядының қазіргі және бұрынғы қызметкерлері саладағы мәселелерді айтып, қызметті жақсарту және мекемені мемлекет меншігіне қайтару туралы талаптарды алға тартып, Қарағанды облысындағы әріптестерін қолдап үндеу жасады.

"Біз Қарағандыдағы бірінші және екінші апаттық-құтқару отрядының құтқарушыларымен толық келісеміз және оларды қолдаймыз" дейді видеода құтқарушылардың бірі.

Бұған дейін Қарағандының тау-кен құтқарушылары 46 кенші қаза болған Костенко шахтасындағы апатты жою кезіндегі проблемаларды айтқаннан кейін басшылықтың қысымына ұшырағанын мәлімдеген. Ал жұмысшыларға араша түспек болған тәуелсіз кәсіподақ төрағасы полицияға шақыртылған. Ол түсініктеме жазып, кейін босатылған. Ізінше Қарағандыдағы құқтқарушылардың талаптарын Шахтинскідегі әріптестері де қолдап, салада мәселелер барын растап, оларды мемлекет деңгейінде шешу керектігін айтқан.

4 қарашада кәсіби әскериленген апаттық-құтқару қызметінің республикалық орталық штабының телеграм-арнасында бас директордың мәлімдемесі жарияланды. Ол тау-кен құтқарушыларының ақпарат құралдарындағы мәлімдемесін "тосын жайт" деп атады.

- Кездесудің нәтижесінде біз бастама тобын құрдық, қызметті жақсарту бойынша алғашқы жұмысшылар жиналысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жігіттер көп мәселені қозғаған, атап айтқанда арнайы киім, жабдықтау, апат орнындағы жұмысты есептеу мәселелерін айтты. Барлық мәселены талқылап, ортақ шешім табуға болады, – деді кәсіби әскериленген апаттық-құтқару қызметінің республикалық орталық штабының бас директоры Диас Мағзұм.

Ол қызметкерлердің ешқайсысына тәртіптік айыппұл салынбайтынын және жұмыстан қуылмайтынын айтты.

3 қарашада Қарағандыда 15 шақты тау-кен құтқарушысы (кейбірі қысым болғанын мәлімдеп, Костенко атындағы шахтадағы апатты жою жұмысынан шеттетілгенін хабарлаған) бірқатар талап айтқан. Олар қызметті мемлекет құрылымына қайта кіргізіп, тиісті қаражат бөлуді, жалақыны өсіріп, бұған дейін жұмыстан шығарылған ұзақ жыл тәжірибесі бар жұмысшыларды жұмысқа қайта алуды талап еткен.

Жұмыстан шығарылғандардың бірі – тәуелсіз кәсіподақтың төрағасы Алексей Головчиц. 3 қараша күні басшылықпен кездесуден кейін олар жаңа мәлімдеме жасап, мәселеге президент араласуы керек, ал қызмет коммерциялық құрылым болмауы керек деп айтқан.

Тау-кен құтқарушылары мен қызмет басшыларымен кездескеннен кейін Қазақстанның кәсіподақ федерациясы жұмысшыларды ақпарат құралдарына шыққаны үшін қудалауға қарсы екенін айтқан. Қазақстанның кәсіподақ федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінекеев тау-кен саласындағы құтқарушылар жалақыны өсіру, жабдықтарды жаңарту және арнайы киіммен қамтамасыз ету туралы талаптар заңды деп есептейтінін айтқан.

Қауіпті өндіріс нысандарындағы өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіби әскериленген апаттық-құтқару қызметі бұрын мемлекеттік ұйым болған. 2018 жылы желтоқсанда жеке қолға өтіп, "Кәсіби әскериленген апаттық-құтқару қызметінің республикалық орталық штабы" ЖШС деп аталды. Бұл компанияның республика бойынша 11 бөлімшесі бар.

Кәсіпорынның есебіне сүйенсек, мекеме өздері қызмет көрсететін субъектілермен келісім жасасып, республикалық бюджеттен ақша алмай, өзін-өзі қамтамасыз етеді. Аталған қызмет техногенді немесе табиғи ірі апаттарды жоюға қатысады. Бірақ оның негізгі міндетіне апаттарды жою және адамдарды құтқару ғана емес, апаттық жағдайдың алдын алу да кіреді.

XS
SM
MD
LG