Accessibility links

Қазақстанға АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу келеді


Дональд Лу
Дональд Лу

АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу 4-11 қарашада Қазақстан, Өзбекстан және Үндістанға барады. АҚШ мемлекеттік департаментінің 4 қараша күнгі хабарламасында осылай жазылған.

Ақпаратқа қарағанда, Лу АҚШ-тың Орталық Азияға сапарлайтын делегациясына жетекшілік етеді. Делегация қыркүйекте C5+1 форматында өткен алғашқы саммиттің жетістіктерін бекітпек.

Астанада АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Қазақстанның бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларымен кездеседі, АҚШ пен Қазақстан арасында стратегиялық әріптестікті кеңейту бойынша диалогқа қатысады деп айтылады.

"АҚШ пен Қазақстан саяси және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты, экономикалық әріптестік пен адам құқықтарын қорғауды қоса алғанда, өзара мүдделі бірқатар мәселелерді талқылайды" деп жазылған ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, Дональд Лу сөз бостандығы және әйелдер мен балалардың құқықтарын арттыру мақсатында азаматтық қоғам өкілдерімен де кездеседі.

Астанадан кейін Дональд Лу Ташкентке сапарлайды.

"АҚШ делегациясы Қазақстан және Өзбекстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін растайды және бұл ұстанымынан айнымайды" деп жазылған хабарламада.

Бұдан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі және АҚШ делегациясы Үндістанға сапарлайды.

Ақпан айында Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға да, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келген. Блинкеннің сапары алдындағы брифингте АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін "Орталық Азия экономикасы мен қоғамы кезіккен қиындықтар" туралы айтқан.

"Біздің басты мақсатымыз – АҚШ-тың сенімді серіктес екенін көрсету және біз бұл елдердің экономикасы неге кезіккенін көріп отырмыз" деді Лу. Ол басты қиындықтардың бірі ретінде "азық-түлік пен отынның қымбаттауы, жұмыссыздықтың артуы, тауар экспорттаудағы қиындықтар, пандемиядан кейінгі баяу қалыпқа келу және мобилизациядан кейін Ресейден мигранттардың ағылуын" атап өткен.

XS
SM
MD
LG