Accessibility links

"Алға, Қазақстан" мүшелері Марат Жыланбаевтың сотын ашық өткізуді талап етті


Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының мүшелері және адвокат Мейіржан Досқараев Марат Жыланбаевтың ісін ашық қарауды талап етіп, жиын өткізіп отыр. Алматы, 8 қараша 2023 жыл.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының мүшелері және адвокат Мейіржан Досқараев Марат Жыланбаевтың ісін ашық қарауды талап етіп, жиын өткізіп отыр. Алматы, 8 қараша 2023 жыл.

Алматыда «Алға, Қазақстан» тіркелмеген партиясының бастамашыл тобының өкілдері партия жетекшісі Марат Жыланбаевтың соты жабық өтіп жатқандығына наразылық білдірді. Танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілініп, мамыр айынан бері қамауда отыр.

– 30 қазанда басталған сот түске дейін ашық өтіп, түстен кейін белгісіз екі куәнің өтінішімен жабық өтетіні хабарланды. Істе ешқандай мемлекеттік құпия, жеке басқа қатысты я өзгелерге қатысты зорлық әрекеттері сияқты жария етуге болмайтын мәліметтер жоқ. Екі куә өздерінің қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын айтқан, олар тіпті Марат Жыланбаевты танымайды да, көрмеген де, соған қарамастан сот жабық өтіп жатыр. Бұған қарсы болған Марат наразылық білдіріп, 3 қарашадан бері аштық жариялап жатыр, - дейді адвокат Мейіржан Досқараев.

Адвокаттың сөзінше, Жыланбаев бір аптаға жуық тамақ ішпеген, тек су ішіп қана жүр. Көңіл-күйі жаман емес болса да, әлсірегені білінеді.

Жыланбаевтың жақтастары билік белсендіні саяси себеппен қудалап отыр деп санайды. Тергеу органдары белсендіні қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп болжайды. Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салғанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

– Жыланбаев екі баппен айыпталып жатыр: бірі – 405, екіншісі - 258. Ауырлауы – 258 бап – "экстремистік ұйымды қаржыландыру". Бұл бап ойдан құрастырылған деп білемін. Себебі Марат Жыланбаевтың айыптау актісінде "маған және Жанна Сәрсеноваға ақша аударылды" деп жазылған. Осының негізінде Маратқа 258-бапты тағып отыр. Мен, Конституцияда көрсетілген 33 баптағы «сайлану» құқығымды пайланып, биыл парламент сайлауына тәуелсіз үміткер ретінде ұсындым. Мен де, Жанна Сәрсенова да. Сайлауға қатысу үшін тәуелсіз үміткерлер сайлау жарнасын төлеу керек, бір миллион 50 мың теңге. Оны төлемесе бізді тіркемейді. Содан Марат Жыланбаев өзінің картасына тәуелсіз кандидаттарға көпшіліктен қаржы жинады да, алдымен өзі жарна төлеп тәуелсіз кандидат ретінде тіркелді. Содан кейін тағы жиналған ақшаны маған жіберді. Осы аударымды тергеу «экстремистік ұйымды қаржыландыру» деп көрсеткен. Мені ҚДТ-ның жақтаушысы деп жазған, - дейді «Алға, Қазақстан» партиясының бастамашыл топ өкілі Бибігүл Иманғалиева.

Ол өзінің ҚДТ-ға еш қатысы жоғын да айтты. Оның сөзінше, бұған дейін сотты жабық етуді өтінген "белгісіз екі куәгер" сотта жауап беріп кеткен.

"Сот солардың өтініші негізінде сотты жабық еткен. Олар жауап беріп кетті. Енді бар мәселе соларда болса, сотты жабық өткізуге негіз жоқ. Сотты ашық етсін!" деді Бибігүл Иманғалиева.

Өткен аптада Марат Жыланбаев ашық сот талап етіп, аузын тігіп тастаған. Кейін қылмыстық атқару жүйесі департаменті оның ауызын "профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен кейін сотталушы Марат Жыланбаев тігісін алып тастады" деп айтқан. Ізінше Жыланбаевтың аштық жариялағаны белгілі болды.

Жыланбаевтың ашық сотын судья жабық қылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG