Accessibility links

Бас прокуратура: Абай облысындағы орман өртіне найзағай себеп болған


Абай облысындағы орман өрті. Маусым айы 2023 жыл.
Абай облысындағы орман өрті. Маусым айы 2023 жыл.

Абай облысында биыл маусым айында болған ірі орман өртіне байланысты қылмыстық іс аяқталып, іс сотқа жолданды. Бұл жөнінде бас прокуратура хабарлады.

Маусымда Қазақстанның шығысындағы "Семей орманы" резерватында болған алапат өрт салдарынан 15 адам қаза тауып, 60 мың гектар орман өртенген. Кәсіпорын басшылығы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған деген күдікке ілінген.

"Өрт кезінде "Семей-Орманы" резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы өздеріне заңмен жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, жағдайды теріс бағалаған және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген, нәтижесінде 14 тұлғаның өліміне әкеліп соққан" деп жазылған бас прокуратураның 10 қараша күнгі хабарламасында.

Ведомствоның айтуынша, олардың әрекеті "өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу", "абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" баптары (5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген) бойынша сараланып, үйқамақта отыр.

Бас прокуратураның айтуынша, "экология және табиғи ресурстар және төтенше жағдайлар министрліктерінің лауазымды тұлғаларының әрекетсіздік дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері жалғасып жатыр".

Жазда бас прокуратура өкілі осы іс аясында өзге тұлғалармен қатар жоғары лауазымды тұлғалар да тергелетінін, оның ішінде сол кезде Абай облысының әкімі болған Нұрлан Ұранхаев, экология министрі болған Зүлфия Сүлейменова, бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннен жауап алынатынын айтқан. (Абай облысындағы орман өрті кезінде төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылған. Кейін Зүлфия Сүлейменова экология министрі қызметінен кеткен).

Ведомство хабарламасында өрттің шығу себебі де айтылған.

"Тергеп-тексеру амалдары көрсеткендей, өрттің шығу себебі қылқанжапырақты ағаштың діңіне түскен найзағай (құрғақ найзағай), жер жамылғысының тұтануына себеп болған. Аталған нұсқа сарапшы, маман қорытындыларымен, фото/видео түсірілімдерімен, куәлардың айғақтары және қылмыстық істің басқа да құжаттарымен расталады" деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін қоғамда "Семей орманы" резерватында қымбат ағаштар өскендіктен пайда тапқысы келгендер орманға әдейі от қоюы мүмкін деген де болжам айтылған. Бас прокуратура хабарламасында оған қатысты ештеңе айтылмайды.

Жазда бір аптаға жуық жалғасқан Абай облысындағы орман өрті кезінде қоғамда өртсөндірушілер мен орманшылардың тиісті құрал-жабдықпен жарақтандырылмағаны қызу талқыланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG