Accessibility links

Үкімет өрт сөндіру техникасы жетпейтінін бұрыннан білді. Бірақ мәселені неге шешпеген?


Абай облысындағы орман өрті. 9 маусым 2023 жыл. Қазақстан төтенше жағдай министрлігі жариялаған сурет.
Абай облысындағы орман өрті. 9 маусым 2023 жыл. Қазақстан төтенше жағдай министрлігі жариялаған сурет.

Абай облысындағы 15 адамның өмірін жалмаған өрт Қазақстандағы өрт сөндіру саласының мәселелерін ашып көрсетті. Бірақ бұл қоғам үшін ғана күтпеген жаңалық болды. Ал билік елде арнайы техника, құрал-жабдық пен кадр жетіспейтінін бұрыннан білген. Азаттық үкімет қандай мәселелерді білгенін және оларға неге көз жұма қарап келгенін анықтап көрді.

"АПАТТЫ КҮТУ АРЗАНЫРАҚ"

Өрт қауіпсіздігі бойынша сарапшы Виталий Чернецкий Қазақстанда өрт сөндіру жұмысы қалай жүретінін бұрыннан бақылап келеді. Ол бұрын Шығыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасын басқарған. Сондықтан бұл саланың қыр-сырын жақсы біледі. Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы өрт сөндіру мәселесі көп жылдан бері экономикалық себептерге байланысты шешілмей келген.

Үш жылда ұлттық экономикаға өрттен 9 миллиард теңге шығын келген. Чернецкий осыған қарамастан үкіметке апаттың алдын-алғанша, оның болғанын күту арзанға түседі дейді.

– Экономикалық тұрғыдан алғанда бұл мәселе дұрыс. Өртенген орман шығынын, әр ағаштың құнын есептеп шығаруға болады. Бірақ мұнда бір экономикалық тұзақ бар: мұндай ауқымды өрт жыл сайын бола бермейді. "Семей орманын" қоспағанда, Шығыс Қазақстан бойынша өрт графигі мен аумағын қарап шықтым. 2021-2022 жылдарды есептемегенде кейінгі 10-11 жылда тыныш болған. Сондықтан қолда бар техника шағын өртті өшіруге жететін. Қазіргі материалдық-техникалық база мен қызметкерлер саны орташа статистикалық жылдарға жарайды. Бірақ климаттық өзгерістер, құрғақшылық себебінен орман өрті күрт көбейетін жылдары қыруар шығын болады, – дейді сарапшы.

Виталий Чернецкий бірнеше жылға созылған жайлы кезеңде бәрі "босаңсып кеткенін" айтады.

– Бәрі тыныш кезде "сонша ақша жұмсаудың қажеті қанша" дейді, кейін Семейдегі өрт сияқты елді дүр сілкіндіретін оқиға болады. Биылғы өртті өшіруге облыстың күші жетпей, бүкіл Қазақстаннан көмек жинауға тура келді, – дейді ол.

Чернецкийдің есебінше, облыстардан түскен өтініштерге қарасақ, техника сатып алуға кем дегенде 40 миллиард теңге керек. "Семей орманындағы" өрттен кейін төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Құлшымбаев өртке қарсы техника сатып алуға 650 миллиард теңге бөлінеді деді. Оның ішінде 536 миллиард теңге – төтенше жағдайлар министрлігіне, 48 миллиард теңге – экология министрлігіне, 20 миллиард теңге жергілікті атқарушы органдарға үлестіріледі.

Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігі елдімекендердегі өрт сөндіруге ғана жауап береді. Ал орман өртінің алдын-алу және өшіру – экология министрлігінің міндеті.

Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Абай облысындағы өрттің үстінен ұшып барады. 12 маусым 2023 жыл.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Абай облысындағы өрттің үстінен ұшып барады. 12 маусым 2023 жыл.

"КӨЛІКТІҢ 21 ПАЙЫЗЫ ӨТКЕН ҒАСЫРДАН ҚАЛҒАН"

Қазақстандағы өрт сөндіру және құрал-жабдық тапшылығы мәселесі туралы бұрыннан айтылып келеді. 2008 жылы сол кездегі төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өрт сөндіру көліктері ескірген, ауылдық жерлердегі елдімекендердің 90 пайызы өрт сөндіру қызметінің нормативті радиусынан тыс орналасқан, мемлекеттік өртке қарсы қызметпен 313 елдімекен ғана қорғалған, хабарландыру жүйесіне модернизация керек, радиобайланыс құралдарының 62 пайызы тозығы жеткен деп саладағы бар мәселені ортаға салды.

2012 жылы өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров Қазақстанға 2200 өрт сөндіру көлігі жетпейтінін, көліктердің ескіруі 55 пайыз шамасында екенін, 5 мың адам тұратын 87 елдімекенде өртке қарсы қызмет мүлде жоғын айтты.

2018 жылы өрт сөндіру бөлімдері жетпейді (6 жылда небәрі 14 жаңа бөлім ашылған), ал техниканы жедел түрде жаңарту керек деген мәселе көтерілді. Бір жыл бұрын Қазақстанда 15 мыңнан астам өрт тіркеліп, 352 адам көз жұмып, 816 кісі жараланды.

2021 жылы сенаттың алты депутаты премьер-министрден төтенше жағдайлар органдарында көлік және техникамен қамтылу деңгейі неге 58,6 ғана құрайтынын сұраған.

"Өрт сөндіру қызметінде 3399 өрт-құтқару техникасы бар. Техникалық ресурстармен қамтылу деңгейі – 54 пайыз, көліктердің 21 пайызы (734 бірлік) өткен ғасырдың 70-90 жылдарынан қалған", – деп жазды депутаттар.

Олар өрт аумағы мен құрбандар саны артып, өрт сөндіру көліктерінің жолда бұзылуы жиілегеніне қарамастан, қаржыландыру тоқтап қалғанына назар аударды. Бұған дейін республикалық комиссия төтенше жағдайлар қызметіне 11 миллиард теңге бөлуден бас тартқан еді.

Төтенше жағдайлар министрлігі Азаттыққа қазір техникамен қамтылу деңгейі 89 пайызға жеткенін хабарлады.

– Әртүрлі мақсатта пайдаланылатын 3228 автотехника, атап айтсақ, 1726 негізгі, 364 арнайы, 1139 қосымша көлік түрі бар. Әртүрлі көлік түрінен тағы 440 дана керек, – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

Кейінгі үш жылда өрт Қазақстан экономикасына 9 миллиард теңге шығын келтірді.
Кейінгі үш жылда өрт Қазақстан экономикасына 9 миллиард теңге шығын келтірді.

ҮШ ЖЫЛДА 242 КӨЛІК САТЫП АЛЫНҒАН

2021 жылы премьер-министр Асқар Мамин 2021-2023 жылдары 731 өрт-құтқару техникасын, 21 362 өрт-техникалық және апатты-құтқару жабдықтарын және 9 492 арнайы құрал сатып алуға 47,9 млрд теңге бөлінгенін айтты.

"Жол картасын жүзеге асыру өрт-құтқару бөлімшелерінің техникалық қамтылу деңгейін 18 пайызға ғана арттырады", – деген Мамин депутаттарға жіберген жауабында.

2023 жылы мамырда төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Марат Күлдіков 3 жылда небәрі 242 жаңа техника алынғанын айтты. Шенеуніктің ақпараты 2020 жылды да қамтитынын есепке алмаған күннің өзінде 2 жылда жоспарланған 731 техниканың 242-сі ғана сатып алынған.

20 шілдеде төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов болашақта техниканы лизингке алуымыз мүмкін деді.

– Былтыр 200 техника пайдалануға берілді. Республика бойынша, 242 өрт сөндіру көлігі қосылды, оның 60 пайызы жергілікті атқарушы органдар, қалғаны республикалық бюджет есебінен алынды. Сондықтан бұл мәселені лизинг арқылы шешуге тырысамыз. Оған біраз уақыт керек.

Министр ескірген техниканы есептен шығарудың орнына жөндеу керек дейді.

– Абай облысында техниканың 30 пайызы ескірген. Бірақ пайдалануға жарайды. Жөндеуден өткізіп, пайдаланса болады. Іске жарамайды деп тастай салған дұрыс емес. Кейін біртіндеп жаңарта береміз, – дейді ол.

"Ауылдарға жаңа техника сатып аласыздар ма?" деген сұраққа Шәріпханов "бұл мәселе шешіліп жатыр" деп жауап берді.

– Бұл мәселе шешілмейді демейміз. Бюджеттен ақша керек: бір өрт сөндіретін техника 100 миллион теңгедей тұрады. Сондықтан бұл мәселе қарастырылып жатыр.

EnergyProm агенттігінің дерегінше, саланың техникамен және құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі – 66,3 пайыз, техниканың 70 пайызы әбден ескірген. "Семей орманына" қарасты Успенский орман шаруашылығында қаза тапқан орманшылар өрт сөндіруге өздерінің көлігімен кеткен. Өйткені жұмыс көлігі істен шығып тұрған. Статистикада бір көлік деп көрсетіледі, ал іс жүзінде жұмысшылар қолында мүлде техника жоқ.

– 100 мың гектар орман шаруашылығына үш трактор, екі өрт сөндіру көлігін береді. Шамалап айтып жатырмын, өйткені көлік белгілі бір формулаға сай бөлінеді. "Семей орманындағы" техниканың бәрі ескі: бар деген аты болмаса, амортизациясына, физикалық күйіне қараса, көліктің ілініп-салынып, әзер жүріп тұрғаны байқалады. Сонда бұл көлікті жарамдылығына қарай 0,5 техника деп есептеуге болады. Өйткені іске толық жарамай бермейді, – дейді сарапшы Виталий Чернецкий.

Қостанай облысында да осындай техника түрлері бар. 2023 жылы сәуірде Қостанай ауданының әкімі 42 өрт сөндіру бекетінің 17-інде техника істен шығып тұрғанын, жарамсыз өрт сөндіру көліктерінің орнына трактор берілгенін айтқан.

Батыс Қазақстан облысында да осыған ұқсас жағдай орнаған. 2022 жылы орманшылар жаңа көлікті соңғы рет 2017 жылы алғанын айтқан. 8 орманшыға бір көлік тиген. Сол кездегі төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелеріндегі әрбір бесінші техника өрт сөндіруге дайын емес деген.

Дәл сол жылы орман өрті жиі тіркелетін Абай облысы Бесқарағай ауданындағы өрт сөндіру пунктерінде бірде-бір көлік жүрмейтіні анықталды. Ол жақта өртті шаруа қожалықтарының көмегімен жергілікті жұмысшылар өшіреді. Үлкен өрт бола қалса, 90 шақырым жерден өрт сөндірушілер келгенше, апаттың үлкен аумаққа таралуына жол бермей, ұстап тұруға тырысады.

Батыс Қазақстан облысындағы дала өрті. 10 шілде 2023 жыл.
Батыс Қазақстан облысындағы дала өрті. 10 шілде 2023 жыл.

11 ЖЫЛДА 18 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІ

Қазақстанда өрт сөндіру бөлімдері аз. Құрылыс қарқыны баяу, біраз ғимарат апатты жағдайда тұр. 2012 жылы Қазақстан бойынша 408 бөлім болған, 2023 жылы олардың саны 426-ға әзер жетті. Кей деректер бойынша, аудандардың 80 пайызында өрт сөндіру бөлімі жоқ.

Кей ауылдарға өрт сөндірушілер 70-80 шақырым жерден келеді. Виталий Чернецкийдің айтуынша, көп елдімекенде бұл мәселені жергілікті билік пен бизнес өкілдері бірлесіп шешіп отыр.

– Ауылда әдетте кешенді әдіс қолданады. Аудан не облыстан коммуналды ғимарат бөліп, жүргізушіге жалақы төлейді, қалғанын ірі бір шаруа қожалығы өз мойнына алады. Бізде Черемшанкада ұзақ жылдар бойы орман шаруашылығымен айналысатын кісі міндеттемелерді мемлекетпен теңдей бөліп алады. Өзінің өрт сөндіру техникасы, адамдары болады. Жай күндері басқа жұмыс істеп жүреді. Өрт бола қалса, өрт сөндіру командасы ретінде өз міндетін атқарады. Өкінішке қарай, мәселе барлық жерде бұлай шешілмейді.

Осы жылдар ішінде нормативті деңгей бойынша, өрт сөндіру бөлімдерінің саны азайған. 2012 жылы Қазақстанға аз дегенде 580 бөлім керек десе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 547-ге дейін кеміді.

20 шілдеде Семейде өткен брифингте төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жақында Бесқарағай ауданында екі өрт сөндіру бекеті ашылатынын айтты. 2025 жылға дейін өңірде тағы 14 жаңа бекет ашылады деп күтіліп отыр.

– Әрине, шешілмеген мәселелер бар. Кей жерлерде жетпеген өрт сөндіру станциялары салынып жатыр. Жеке құрамды толықтыру керек. Адам жетпейтін өрт сөндіру бөлімдері бар. Енді солардың есеп-қисабын дайындап қойдық. Республика бойынша, төрт мың адам керек. Жаңадан салынып жатқан өрт сөндіру бөлімдеріне де қызметкерлер қажет болады. Орташа есеппен алғанда бір бөлімде 30-50 адам істеуі керек, – деді министр.

Астана шетіндегі ағаш өртеніп, қаланы түтін басқан. 19 маусым 2023 жыл.
Астана шетіндегі ағаш өртеніп, қаланы түтін басқан. 19 маусым 2023 жыл.

"БӘРІ БІРДЕН ШЕШІЛІП КЕТЕДІ ДЕП КҮТУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ"

Чернецкий популизм мен есеп беру үшін ғана жұмыс істемей, жүйені тиімді модернизациядан өткізу керек дейді.

– Бастысы, мына нәрсені ұмытпасақ болды. Бір жылда бәрін шеше алмаймыз. Ауылдарды құтқару үшін елдімекендерге жақын ормандарға өртке қарсы құрылғы орнатып, қоқыстан тазартып, ағаштардың арасын сиретіп, қалың қылқанжапырақтылардың орнына жалпақ жапырақты ағаштар отырғызып, жоғарғы өрттің алдын-алу керек. Өйткені мұндай өрт түрін әлемде ешкім өшіре алмайды. Мәселе шаш-етектен, оларды шешу үшін көп жұмыс істеу керек. Екі-төрт жылдық нақты бағдарлама қажет.

Төтенше жағдайлар министрі мемлекет техниканы жаңарту және өрт сөндірушілерді әлеуметтік қолдау мәселесін қолға алды дейді.

– Бәрі бірден жаңарып, шешіліп кетеді деп күтудің қажеті жоқ. Жұмыс істеп жатырмыз. Шешілетін мәселе. Күн тәртібінде тұр. Жақында өрт сөндіру техникасын аламыз. Былтыр 242 техника сатып алдық. Биыл көп техникаға ақша бөлінді, қосымша несиені де есептеп, жүзден аса техника сатып алуға өтініш бердік. Республика бойынша жоқ дегенде 200-ден астам техника сатып алынады. Барлық облысқа таратамыз. Әр облыста тікұшақ болуы керек, соған келе жатырмыз.

Global Forest Watch порталының дерегінше, 2022 жылдың 11 шілдесі мен 2023 жылдың 10 шілдесі аралығында VIIRS датчигі 5772 өрт дабылын тіркеген. Бұл алдыңғы жылдардың нормасынан аспайды. БҰҰ болжамынша, 2030 жылға қарай жер шарындағы өрт саны 14 пайызға дейін өсуі мүмкін. Ғалымдар мұны климаттың өзгеруімен байланыстырады. БҰҰ өз есебінде мемлекеттерді орман өртінен қорғануға бөлінетін қаржы көлемін арттыруға шақырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG