Accessibility links

Прокуратура Атырау қаласының бұрынғы әкімі ұсталғанын растады


Атырау облысының прокуратурасы Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев ұсталғанын растады. Ол "Алаяқтық" бойынша (190-бап, 4-бөлігі 2-тармағы) күдікке ілінген. Бұрынғы әкім қазір уақытша қамау изоляторында отыр.

Ресми ақпаратқа қарағанда, қазір "алаяқтық белгілері бойынша Атырау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр".

"2020-2022 жылдары әкімдіктің лауазымды тұлғалары жеке тұрғын үй құрылыстары үшін рекреациялық аймақтарға (жасыл желек аймақтары, саябақтар, скверлер, жағалаулар және тағы басқа) жататын жер учаскелерін заңсыз бергені анықталды" деп жазылған прокуратура хабарламасында.

Ведомство тергеу құпиялылығын алға тартып, іс бойынша басқа ақпарат бермеген.

Қайрат Оразбаевтың өкілдері немесе туыстары бұл іске қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.

60 жастағы Қайрат Оразбаев 2020 жылдың 17 қаңтар мен 2022 жылдың 14 қаңтар аралығында Атырау қаласының әкімі қызметін атқарған. Оған дейін бірнеше жыл Атырау мұнай өңдеу зауытына басшы болған. Kazakhstan Petrochemical Industries компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары болған.

Ол Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылдың 14 қаңтарында "өз өтінішімен" қызметінен кеткен. Ол сол кезде желтоқсанның соңынан бері демалыста болған деп айтылады.

Атыраудан ақпарат тарататын "Ақжайық" сайты прокуратураға сүйене отырып, Атырауда жер қатынастары, сәулет басқармасы мен Атырау қаласы әкімі аппаратының бұрынғы жетекшілері де ұсталғанын жазды. Нақты қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Лауазымды тұлғалар "жер телімдерін бөлу кезінде және олардың мақсатын анықтау кезінде алаяқтық жасаған" деген күдікке ілінген.

XS
SM
MD
LG