Accessibility links

Сот белсенді Табылдиеваның бас бостандығын шектеу, бес жыл желіде жазба жариялауға тыйым салды


 Билікті сынаған белсенді Назым Табылдиеваны4 бостандығы шектелді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

Алматы қаласы Бостандық ауданындағы № 2 сот белсенді Назым Табылдиеваның бас бостандығын бір жарым жылға шектеді және бес жыл қоғамдық-саяси іспен айналысуға әрі бес жыл "желіде жазба жариялауға" тыйым салды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

36 жастағы Табылдиеваға "жалған ақпарат таратты" және "билік өкілін қорлады" деген айып тағылған. Қылмыстық іске белсендінің 2022 жылы күзде және биыл желіде жариялаған постары мен пікірлері себеп болған.

Жарыссөз кезінде прокурор Ақжол Мұқаш Табылдиеваға бір жарым жыл түрме жазасын сұраған еді. Бұған дейін Табылдиева өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып, "азаматтық белсенділігім үшін қудаланып жатырмын" деген.

Үкімнен соң Табылдиеваның өзі және жақтастары бас бостандығын шектеу жазасына қуанғаны байқалды.

Айыптау актісіне сай, 2022 жылы қыркүйекте Facebook желісінде "Назка Табылдиева" деген қолданушының парақшасында шыққан "Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған жолдауын талқылау" деген видео жарияланып, онда билік "халықты Ресейдің алдына тізерлетіп берді және Ресейдің саясатын жүргізіп отыр" деп айтылған. Бұл видео "жалған ақпарат таратты" деген айыпқа негіз болды.

Құқық қорғаушылар белсенді өз ойын айтты және мұны "жалған ақпарат таратты" деп қабылдауға болмайтынын айтады.

Бұған қоса, тергеу тарабы белсенді жазбаларында прокуратура өкілдерін "қарабет" және "сұмырай парақорлар" деп атағанына назар аударған. Бұған дейін істе жәбірленуші деп танылған прокуратура өкілдері белсендінің жазбасы "намыстарына тигенін" айтқан. Органдар желідегі жазбаларды "билікті қорлау" деп қабылдаған.

Үкім әлі күшіне енген жоқ, екі тараптың шағым түсіруге құқығы бар.

Табылдиеваның үстінен іс қозғалғаны жазда белгілі болып, оның үйінде тінту жүрген. Ал сот 19 қазанда басталған еді.

Биыл қаңтарда бірнеше адам Табылдиеваны ұстап, полицияда бес сағат ұстап босатқан. Кейін полиция Табылдиеваның "әкімшілік іс аясында" ұсталғанын мәлімдеген. Белсендінің өзі "азаматтық белсенділігі үшін" ұсталғанын айтқан. Сол күні ол Алматыдағы алаңға барып, Қаңтар оқиғасында (ресми дерек бойынша, 238 адам көз жұмды) қаза тапқандарға құран бағыштамақ болған.

Құқық қорғаушылар билік "Жалған ақпарат тарату" бабын көбіне өзіне жақпаған белсенділердің әрекетін шектеу үшін қолданады деп жиі сынайды. Билік мұндай мәлімдемелерге қандай да бір реакция білдірмеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG