Аннексияланған Қырымда жұмаға қараған түні Ресейдің екі десанттық катерін бүлдірген. Бұл туралы Украина қорғаныс министрлігі бас барлау қызметі мәлімдеді.
Украиналық барлаушылар бүлінген бір катердің видеосын да жариялады.
Украиналық басылымдар барлау қызметіне сілтеме жасап, бүлінген екі катердің ішінде экипаж бен құрыш сауытты техника болғанын хабарлады. Ресейлік "Рыбарь" телеграм-каналы Қырымның батысындағы Черноморск елдімекенінің маңында ресейлік катер шабуылға ұшырағанын жазды.
Украина жақтайтын "Крымский ветер" телеграм-каналы Ресейдің Черноморсктегі казармасына ракета түскені байқалатын видео жариялады.
Ал "Рыбарь" каналы ракета шабуылы болғанын, бірақ ракета казармаға түспегенін жазады. Бұл каналдың ақпаратынша, бухтаға Украинаның экипажсыз төрт катері кіріп, ресейлік катерлерді шабуылдаған. "Рыбарь" адам шығын болған жоқ дей келе, ресейлік әскерилердің әрекетін сынайды. Бұл жазба Ресейдің катерлерінің бүлінгенін растауы мүмкін.
Ресей қорғаныс минстрлі түнде Қырымда екі дрон құлатылды деп отыр. "База" телеграм-каналы бұл дрондар Қырымдағы мұнай базасын шабуылдамақ болғанын жазды. Украина тарабы бұған қатысты ештеңе айтпады.
Украина қарулы күштерінің мәліметінше, Ресей 10 қарашаға қараған түні алты "Шахед" дронын және екі ракета жіберген. Украина әскері бес дрон мен бір ракетаны қағып түсірдік дейді. Черкасс облысында ғимараттар бүлінгені, бірақ адам шығыны болмағаны айтылды.
ПІКІРЛЕР