Accessibility links

БҚО-да аудан әкімін сайлау: Сот бақылаушының "өрескел заңбұзушылық" туралы шағымын кері қайтарды


Орал әкімшілік сотының алдында тұрған адамдар, 10 қараша 2023 жыл.
Орал әкімшілік сотының алдында тұрған адамдар, 10 қараша 2023 жыл.

Орал қаласының ауданаралық әкімшілік соты Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданындағы №343 сайлау учаскесіне қатысты түсірілген шағымды кері қайтарды. Бұған дейін тәуелсіз бақылаушы аудан әкімін сайлау кезінде заңбұзушылық болғанын тіркеген.

Судья Шынаргүл Шайдиева шағымды "негізсіз" деп таныды. Оның айтуынша, сот сайлау комиссиясы мүшелерінің әрекетінен заңсыздық таппаған.

—Заңбұзушылық туралы хаттамада дауыс беру кезінде бақылаушының нақты қандай заңбұзушылықты анықтағаны жазылмаған. Тек заң нормалары, тармақтары мен баптары ғана жазылған, сонымен қатар актіде сот күмәнді деп бағалайтын цифрлық бап нөмірлері көрсетілген, – деді судья Шайдиева.

Оның айтуынша, бақылаушы бюллетенге қатысты заңсыздықты учаскеде дауыстарды санағаннан кейін емес - үйінде байқаған. Судьяның сөзінше, бұл "дауыстарды санау кезінде сайлауды бақылау тәртібінің бұзылмағанын растайды".

Jaria қоғамдық бірлестігінің бақылаушысы Нұржауған Мұрзағалиева соттан сайлау учаскесіндегі хаттаманың күшін жойып, сайлау комиссиясының төрағасын жауапқа тартуды сұраған.

Мұрзағалиева дауыс санау кезінде заңсыздықты тіркегенін айтқан. Заңсыздықты камераға түсіріп жатқанда сайлау комиссиясының мүшелері кедергі жасаған.

—Олар мені шектеуге тырысты, бюллетеньдер көрінбейтіндей қылды. Заңда бақылаушыға бюллетеньдегі әрбір белгі көрініп тұруы керек деп жазылған, бірақ мен алыста тұрдым, төраға оны түсірмеу керектігін айтты. Санау процесінің өзінде олар әр бюллетеньді дауыстап оқымады және белгілі бір кандидат үшін бюллетеньді санағаннан кейін бізге [сайлаушылар санын] айтпады, – деді Мұрзағалиева.

Сотқа қатысқан аудандық сайлау комиссиясының өкілі сот шешіміне пікірін айтпады. Аты-жөнін айтпаған әйел Азаттықтың сұрақтарына жауап беруден де бас тартты.

БҚО Тасқала ауданында әкім сайлауы 5 қарашада өткен. Мұрзағалиева Мерей ауылындағы №343 сайлау учаскесінде азаннан дауыс санау аяқталғанға дейін болған. Ол сот шешімімен келіспейді және облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

XS
SM
MD
LG