Accessibility links

"Ауыр сәтте қолдау көрсеткендерге алғыс". Нұрсұлтан Назарбаев бауырының қазасына байланысты үндеу жариялады


Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) інісі Болатпен (оң жақта, көкшіл түсті шляпада) Еңбекшіқазақ ауданында шаруашылықты аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде, 2011 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) інісі Болатпен (оң жақта, көкшіл түсті шляпада) Еңбекшіқазақ ауданында шаруашылықты аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде, 2011 жыл.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев бауыры Болат Назарбаевтың қайтыс болуына байланысты үндеу жариялап, "ауыр сәтте қолдау көрсеткендерге алғыс айтты".

"Інімнің мезгілсіз қайтыс болуына орай айтылған жылы сөздер мен шынайы тілектеріңізге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауыр сәтте сіздердің көрсеткен қолдауларыңыз маған күш-қуат берді. Жақын адамнан айырылу орны толмас қасірет. Ол ұзақ жылдар бойы ауырды, бірақ бізге ешқашан қиналғанын білдіртпеді" дейді ол үндеуінде.

Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елдің басшыларынан көңіл айту жеделхаттарын алып жатқанын, ел ішінде саяси және қоғам қайраткерлерінен, депуттатар мен дипломаттардан, діни қызметкерлер мен бизнес өкілдерінен, сондай-ақ көптеген қазақстандықтардан хаттар келіп түскенін айтады.

"Қайғымды бөлісіп, қолдау білдірген барлық жанға алғысымды айтамын. Шынайы ниеттеріңізге көп рахмет" деп жазды ол үндеуінде.

Бұрынғы президенттің бұл үндеуі Болат Назарбаевтың жерлеуінен үш күн өткенде жарияланды. 70 жастағы Болат Назарбаев 13 қарашада Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада ауыр науқастан қайтыс болған.

Нұрсұлтан Назарбаев билік құрып тұрған тұста Болат Назарбаев елдегі ең ықпалды әрі бай адамдардың біріне айналды. Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың билігі әлсіреген тұста бірнеше кәсіпкер Болат Назарбаев кәсібімді күшпен тартып алды деп шағымданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG