Accessibility links

Ақтөбеде түнгі клубтағы төбелесте жазым болған екі кісінің ісі бойынша он алты адамға үкім шықты


Екі адамның өлімі бойынша айып тағылған "Миллиардер" түнгі клубының 16 қызметкеріне сот үкім шығарды. Ақтөбе, 21 қараша, 2023 жыл
Екі адамның өлімі бойынша айып тағылған "Миллиардер" түнгі клубының 16 қызметкеріне сот үкім шығарды. Ақтөбе, 21 қараша, 2023 жыл

21 қарашада Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі адамның өлімі туралы іс бойынша айып тағылған "Миллиардер" түнгі клубының 16 қызметкеріне үкім шығарды. Судья Нұрлан Бақтығалиев Сырымдат Түктібайға – 17 жыл, Өмірбек Хасеновке – 15 жыл түрме жазасын кесті. Бұл екеуі түнгі клубта күзетші болып жұмыс істеген. Арасында клуб ғимаратын жалға алған кәсіпкер, күзет қызметінің басшысы бар, жалпы саны 13 адам 2,5 жыл мен 4,5 жыл аралығындағы мерзімге қамау жазасын алды.

Сотталушылар арасындағы ең жасы – 18-ге толмаған Айбат Мұқанбетжановтың бостандығы екі жылға шектеліп, сот залынан бостандыққа шықты. Судья Қылмыстық кодекстің 81-бабына сүйеніп, "кәмелетке толмаған, орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамға бостандығынан айыру жазасы берілмейді" деп түсіндірді.

Жүз томнан асатын қылмыстық іс материалдарында, бұрын сотталған Хангелді Мұханбетшәріп пен "Сары Жасик" деген лақап аты бар Жансерік Есжанов 2022 жылғы ақпан айынан бастап "Миллиардер" клубының күзетін мойнына алғаны айтылған. Күзетшілер тобын жасақтаған. Кәсіпкермен ауызша келісім бойынша жұмыс істеген топ 2022 жылғы 26 қазанда клубқа келген төрт жігітпен сөзге келісіп қалған. Оның аяғы төбелеске ұласып, күзетшілер қансырап жатқан Амандық Көшкімбаев пен Серік Төлеуовті Елек өзенінің жағалауына тастап кеткен. Ол екеуі сол жерде жан тапсырған. Клуб күзетшілері соққыға жыққан тағы екі адам – Ербол Жақыпов пен Біржан Теміров өзен жағалауына барар жолда көліктен қашып шығып, аман қалған.

Тергеу түнгі клуб қызметкерлеріне "адам өлтірді", "адам өлтіруге оқталды", "адам ұрлады" деген айыптар тақты. Соттағы жарыссөзде прокурорлар судьядан екі сотталушыны – 23 жылға, тағы екеуін – 19 жылға, тоғызын – 17 жылға, бір адамды – 12 жыл 6 айға, біреуін – 10 жыл, тағы біреуін – 6 жылға соттауды сұрады. Сотталушылардың туыстары бұған наразы болып, елу шақты адам екі күн қатарынан Ақтөбе облыстық прокуратурасының алдына пикетке шықты.

Үкім шығарған кезде судья Нұрлан Бақтығалиев Сырымдат Түктібай мен Өмірбек Хасеновтен өзге сотталушылардың әрекеті "адам өлтіру" бабынан "бұзақылық" бабына қайта дәрежеленгенін, сотталушыларға тағылған "адам ұрлау" бабы алынып тасталғанын айтты.

Судья үкімді оқып болған соң сотталушылардың наразылығы үдеп кетті.

– Тергеу әділ өткен жоқ. Соның кесірінен бұл іске қатысы жоқ балалар сотталып бара жатыр. Хасенов екеуміз өзіміз барып, қылмысты мойындадық. Бірақ біздің де оларды өлтіретін ойымыз болған жоқ. Олардың аяғын біз таңған жгуттарды, жәбірленушілердің пышағын тергеушілер тығып тастады, – деді 17 жылға сотталған Сырымдат Түктібай.

"Ауыр қылмысты хабарламағаны үшін" 4 жылға сотталған Азамат Бақытовтың туысы Ерәділ Үбіниязов та сот үкімге наразы.

– Інім төрт жылға сотталып барады. Артында үш баласы қалды. Кенжесі әкесі изоляторда отырған кезде дүниеге келді. Азамат төбелестің арасында болған жоқ, өлтіргендердің арасында да болмаған, видеода да жоқ. Оған қарсы ешқандай айғақ жоқ. Сондықтан біз үкімге келіспейміз – деді Үбіниязов.

Үкім шыққаннан кейін сотталушылардың туыстары тарамай, Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының алдында біраз уақыт тұрды. 21 қараша, 2023 жыл
Үкім шыққаннан кейін сотталушылардың туыстары тарамай, Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының алдында біраз уақыт тұрды. 21 қараша, 2023 жыл

Үкім шыққаннан кейін сотталушылардың туыстары Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының алдында біраз уақыт тарамай тұрды. Ашуға булығып, автокөлік жолына қарай жүгірген әйелді екі-үш адам әрең ұстап қалды. "Прокуратура сұраған жаза тағайындалғанда қайтер едік" деп бір-бірін сабырға шақырғандар да болды.

Он алты адам айыпкер ретінде жауапқа тартылған қылмыс 2022 жылғы 26 қазанда Ақтөбедегі "Миллиардер" түнгі клубында болған. Қалада армрестлингтен өтетін жарысқа Темір ауданынан келген төрт жігіт түнгі клубта күзетшілермен шекісіп, аяғы төбелеске ұласқан. Салдарынан 27 және 31 жастағы екі жігіт кісі қолынан мерт болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG