Accessibility links

Қостанайда полицияның бірнеше белсендіні ұстағаны хабарланды


Оппозиция митингісі өтеді деген орында тұрған полиция көліктері.
Оппозиция митингісі өтеді деген орында тұрған полиция көліктері.

23 қарашада Қостанайда полиция бірнеше белсендіні ұстап әкеткені хабарланды. Бұл жөнінде "БелсенділерЭкстремистЕмес" тобы жазды.

Белсенді Дәурен Сұлтанғалидың Азаттыққа айтуынша, бейсенбі күні полиция оны үйінен әкеткен.

– От жағып жатқан едім. Жәй киім киген бір полиция қызметкері келіп, аты-жөнін таныстырып, бөлімшеге бару керектігін айтты. Сүйтіп жұмыстан қалып қалдым. Қазір Қостанай қалалық полиция департаментінде отырмын, – деді 23 қарашада белсенді түс кезінде Азаттыққа.

Оның сөзінше, полиция оны бір апта бұрын "Марат Жыланбаевты қолдап шығарған Телеграмдағы видеосы үшін" кінәлап, "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бап, 6-бөлігі) бойынша хаттама толтырған. Сәлден соң сот өтуі тиіс.

"Мен тағылған айыппен келіспеймін. Мен бейбіт жиынға шығу құқығын пайдаланғым келді" дейді Дәурен Сұлтанғали.

Белсендінің айтуынша, Қостанайда 23 қарашада таңертең полиция Сандуғаш Санд-Ахмет және Алина Смакованы да әкеткен.

Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, Қазақстанның 11 қаласында жергілікті әкімдіктер 25 қарашада Марат Жыланбаевты босатуды талап ететін бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермеген. Арасында Қостанай да бар. Дәурен Сұлтанғалидың айтуынша, жергілікті әкімдік 25 қарашада белсенділер сұраған орында "жөндеу жұмыстары жүретінін" айтқан.

Қостанай қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Карина Базарбаева Азаттыққа сұрақтарды жазып жіберу қажеттігін айтты.

Осыған дейін 25 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде белсенділер Марат Жыланбаевты қолдап, акция өткізетінін хабарлаған еді. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі күндері жиілеген ұстауларды сонымен байланыстырады.

23 қарашада ішкі істер министрі Ержан Сәденов оппозиция митингілері қарсаңында "әдетке айналған" ұстауларға түсініктеме берді. "Оларды үйінен ұстап әкетеді. Бұл қаншалықты дұрыс?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына министр "Үйден ұстау деген ондай нәрсе жоқ шығар. Жалпы митинг туралы заң бар. Заңды сақтау керек" деді.

Бір күн бұрын Астанада бірнеше белсенді 15-20 күн аралығында әкімшілік қамауға алынған.

Өткен аптада прокурор соттан Марат Жыланбаевты 10 жылға еркінен айыруды өтінген.

1 қарашада Жыланбаев сот отырысын жабық өткізу шешіміне наразылық білдіріп, аштық жариялаған. Адвокаты ол денсаулығына байланысты 17 қарашада аштық акциясын тоқтатуға мәжбүр болғанын білдірген. Оның сөзінше, 1 қарашадан бері Жыланбаев 14 келіге арықтаған.

Марат Жыланбаевқа "экстремизмді қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы бойынша айыптар тағылып отыр. Белсенді тағылған айыппен келіспейді. Жыланбаев ісінің саясиланғанын айтқан құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Қазақстанда 2020 жылы қабылданған "бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп мақтаса, құқық қорғаушылар "жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалған" деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG