Accessibility links

Ресей билігі адам жегені үшін сотталған тұтқынды Украинадағы соғысқа жіберген


Төрт адамды өлтіргені үшін және бір адамды жегені үшін сотталған Денис Горин
Төрт адамды өлтіргені үшін және бір адамды жегені үшін сотталған Денис Горин

Кемінде төрт адамды өлтіргені үшін айыпталған, каннибализм бойынша 22 жылға сотталған Сахалин облысының тұрғыны Денис Горин Украинадағы соғысқа аттанды. Бұл жөнінде "Сахалин против войны" Телеграм-арнасы жазды.

Қазір Горин орташа ауыр дәрежедегі жарақатпен Оңтүстік Сахалиндегі ауруханада жатыр, деп хабарлады жанындағы көршісі "Сибирь.Реалии" сайтына.

Горин алғаш рет 2003 жылы адам өлтіру және мәйітті қорлау баптарымен 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Жеті жылдан соң "үлгілі тәртібі үшін" шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.

2011 жылы маусымда ағайынды Денис және Евгений Гориндер бір адамды аяусыз ұрып-соққан. 2012 жылы қаңтарда Гориндер тағы бір адамды бауыздап өлтірген.

Сол жылы Денис Горин өлтірген кемінде төрт адамның өлімі ашылды. Тергеу болжамынша, 2010 жылы қарашада ол адам өлтіріп, бұдан соң мәйіттің денесін кесіп, жеген. Сот Денис Горинді 22 жылға бас бостандығынан айырған.

Бір ай бұрын Гориннің әлеуметтік желідегі парақшасында Z таңбасы бар әскери формада тұрған жаңа суреті пайда болған.

  • Украинада соғыс басталғаннан кейін Ресей ауыр қылмыс үшін сотталған тұтқындарды түрмеден босатып келеді. Олардың қолынан қаза болған марқұмдардың туыстары мен жәбірленушілер наразылық танытқан, бірақ одан нәтиже болмады.
  • Журналистердің есебінше, Ресей басшысы Владимир Путин бұрын адам өлтіргені үшін сотталған кемінде 17 адамға рақымшылық жасаған. Олардың барлығы Украинадағы соғысқа қатысып, соғыстан соң үйлеріне оралған. Кейбірі жаңа қылмыс жасаған.
XS
SM
MD
LG