Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевті "Қарабақты қайтарып алуымен" құттықтады. Мұны Ақорда сайтындағы хабарламадан аңғаруға болады. 24 қарашада Тоқаев жұмыс сапарымен Бакуге барған.
"Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Ильхам Әлиев пен бауырлас Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Президент мұның айтулы оқиға екеніне назар аударды" деп хабарлады Ақорда.
Биыл 19 қыркүйекте Әзербайжан әскери операция жасап, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының үкіметін капитуляцияға мәжбүрлеп көндірген. Қуғын-сүргін болуы мүмкін деп сескенген армяндар жаппай үйлерін тастап, Арменияға кеткен. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 120 мың армяннан бірер аптаның ішінде мыңнан астам ғана адам қалған. Ереван халықтың жаппай қоныс аударғанын қысым деп атаған. Ал Әзербайжан билігі армяндарды қала беруге, Әзербайжан қоғамымен араласуға шақырған.
28 қыркүйекте мойындалмаған республиканың құрылымдары өз-өзін тарататынын жариялады. Қазан ортасында президент Ильхам Әлиев Ханкенді (Степанакерт - мойындалмаған Таулы Қарабақтың бұрынғы астанасы) қаласында Әзербайжан туын көтеріп, осылайша Баку Қарабақты толық қайтарып алғанын білдірген.
Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. Үш жыл бұрынғы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін бақылауына алған.
Ақорданың хабарлауынша, 24 қарашада кездесу барысында Қазақстан және Әзербайжан басшылары "Каспий теңізінің табанымен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, сонымен бірге энергетика мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы перспективті жобаларды жүзеге асыру сияқты" бағыттарда бірлескен жұмыстарды жандандыру мүмкіндіктерін талқылаған.
Тоқаев Бакуде БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) алғашқы саммитіне қатысады.
ПІКІРЛЕР