Accessibility links

Washington Post: Ресей Қытай компанияларымен бірігіп Қырым көпірінің астына туннель салмақ


Ресей аннексияланған Қырыммен жалғайтын және Украина шабуылынан қорғайтын су асты туннелін салу бойынша Қытай кәсіпкерлерімен жасырын келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде Украина барлау қызметінің деректеріне сүйенген The Washington Post басылымы жазды.

Басылымның есептеуінше, мұндай ірі жобаға миллиардтаған доллар керек және оны салуға бірнеше жыл кетуі мүмкін.

Басылымның жазуынша, келіссөз Украина арнайы қызметі ұйымдастырған екі жарылыстан кейін ішінара істен шыққан Қырым көпірінің қауіпсіздігіне Ресейдің алаңдайтынын айғақтай түседі. Екінші жағынан Ресей билігі үшін Қырыммен көлік байланысының маңыздылығы мен Қытайға тәуелділіктің артқанын аңғартады.

Басылым соғыс аймағында бұған дейін мұндай жобалар жүзеге асырылмаған дейді.

Украина арнайы қызметі анықтаған мәліметке қарағанда, туннель жобасына Қытайдың бірқатар мемлекеттік компаниялары қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, мәселе темір жолдарды жабдықтайтын қытайлық компания (CRCC) жөнінде болып отыр. Севастопольде жобамен айналысатын орыс-қытай консорциумы да құрылған. Оның басшысы Владимир Калюжный "жаудың ақпарат құралдарымен" сөйлеспейтінін айтқан. Қытай компаниясы түсініктеме бермеген.

2017 жылы мамырда Қырымдағы Ресей билігіне сүйенген gazeta.ru сайты қытай инвесторлары Қырым көпіріндегі туннель жобасына ақша салуға дайын екенін жазған.

Пекин Ресейдің Қырымды аннексиялағанын мойындаған жоқ. Егер Қытай компаниялары туннель салуға атсалысса, Батыс санкциясына ілігуі мүмкін.

Украинада соғыс басталғалы Қырым көпірінде кемі екі рет — 2022 жылғы 8 қазанда және 2023 жылы 17 шілдеде жарылыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG