Accessibility links

Киевке 70-тен астам дрон шабуыл жасады


«Шахед-131»
«Шахед-131»

25 қарашаға қараған күні Ресей әскері Украинаға дрондармен шабуыл жасады. Ақпаратқа қарағанда, бұл кейінгі бірнеше айдағы ең ірі шабуыл. Шабуыл кезінде ирандық "Шахед" дрондары пайдаланылған. Басты нысана – Киев.

Украина әскері сенбіге қараған түнгі шабуылда Ресей әскерінің бұрын-соңды болмаған дәрежеде көп дрон жібергенін атап өтті. Украина қарулы күштерінің есебінше, 75 дрон жіберілген, 71-і атып түсірілген. Украина президенті Владимир Зеленский "жауынгерлеріміз дрондардың басым бөлігін атып түсірді, бәрін жоймағаны өкінішті" деді.

Шамамен 60 дрон Киевке бағытталған. Қала тұрғындары мен жергілікті БАҚ Киевке шабуыл таңертеңгі сағат алты шамасында жасалғанын хабарлады. Қалада жарылыс дыбысы естілген. Ғимараттар бүлінген, зардап шеккендер де бар.

Киев әскери қалалық әкімшілігінің мәліметінше, Соломен ауданында бес қабатты үй, балабақша мен адам тұрмайтын ғимарат бүлінген.

Днепр ауданында дрон қалдықтары көп қабатты ғимаратқа құлаған. Кемінде бес адам зардап шеккені туралы мәлімет бар.

Дрон соққысының салдарынан қалада электр желілерінің бірі істен шыққан, Киевте 77 тұрғын үй және 120 мекеме жарықсыз қалған.

Зеленскийдің айтуынша, соққы Голодомор құрбандарын еске алу күні жасалған. Голодомор – 1932-33 жылдары СССР құрамындағы Украинада болған оқиғалардың жалпы атауы. Елді жаппай ашаршылық жайлап, миллиондаған адам құрбан болды. Украина тарихы институтының мәліметінше, сол кезде 4 миллионға жуық адам қырылған.

Ресей әскері Киевке жасалған дрондар шабуылына түсініктеме бермеді.

  • Әскери сарапшылардың айтуынша, былтырғы жылдан айырмашылығы биыл Ресей бірнеше айдан бері Украинаға жаппай ракета соққысын жасамаған. Соған қарағанда Ресей ерекше ірі соққы жасау үшін күш жинап жатқан болуы мүмкін деп топшылайды сарапшылар.

XS
SM
MD
LG