Accessibility links

Қостанай әкімі облыс халқын Украинадағы соғысқа тартқан оқиғалар жөнінде: Шекаралас аудандарда екі факт болды


Құмар Ақсақалов
Құмар Ақсақалов

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов облыс халқын Украинадағы соғысқа тартқаны жөнінде екі факт білетінін айтты. Әкім бұл жөнінде 24 қарашада Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген кезде мәлімдеді.

"Мұндай нәрсе жаппай болып жатқан жоқ. Олардан хабардармыз. Екі фактіні білемін. Шекаралас аудандарда. Біз онымен кім айналысып жатқанын бірден анықтадық. Оларды заңнамаға сәйкес жазалау үшін шаралар қолданылды" деді әкім брифинг кезінде.

"Ол адамдар қалай жазаланды?" деген сұраққа облыс әкімі "бұл әлі күнге дейін жалғасып жатыр, ол тұтас бір процедура" деді.

"Алайда бірде-бір факт назардан тыс қалмайды. Мұндай жұмыспен айналысқан адамдардың барлығы жазаланады. Бұл бәлкім, талпыныс қана шығар. Оларды әзірге сипаттай алмаймыз. Бірақ жағдайдың алдын алу, ұстау және анықтау шаралары қолданылып жатыр" деді Ақсақалов.

Оның айтуынша, екі факт Ресеймен шекаралас екі ауданда болған. Бірі - Ұзынкөлде, екінші ауданның атын әкім айтпады.

Биыл жазда Қостанай прокуратурасы Қостанай облысында жергілікті халықты Украинадағы соғысқа тарту талпыныстары тіркелгенін хабарлаған. Прокуратура бұған Конституцияда тыйым салғанын атап өтіп, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, азаматтарды мұндай арандатуларға ермеуге шақырған. Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай әрекет үшін 10 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

Қазақстан билігі қазақстандықтарды соғысқа тартқаны туралы ақпараттарға сирек түсініктеме береді. Осыған дейін "Вагнер" тобының қазақстандықтарды тартқанын айғақтайтын ақпараттар да пайда болған. Алайда олардың саны белгісіз.

XS
SM
MD
LG