Accessibility links

Шахтинск полициясы мен прокуратурасы "журналистің жұмысына кедергі келтіру" жөніндегі қылмыстық істі жауып тастаған


Журналист Диана Сапарқызы
Журналист Диана Сапарқызы

Шахтинск қаласының полициясы "журналистің кәсіби жұмысына күш қолдану арқылы кедергі жасау" жөніндегі қылмыстық істі тоқтатты. Бұл істе Қарағанды қаласының журналисі Диана Сапарқызы жәбірленуші ретінде танылған еді. Шахтинск қаласы прокурорының орынбасары "қылмыстық құрамы болмағандықтан" істің тоқтатылғанын растады.

Қылмыстық істе журналистің жұмысына кедергі жасалып, денсаулығына залал келтірілгені көрсетілген болатын.

Журналист Диана Сапарқызы жәбірленуші ретінде қатысқан сот осымен екінші рет тоқтап отыр. Биыл қазан айының басында журналистің шағымы бойынша қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық іс тоқтатылған, бұл жолы қылмыстық іс жабылып отыр.

Диана Сапарқызының адвокаты қылмыстық істің жабылғаны туралы 27 қарашада кездейсоқ білгенін айтты. Кейін қаулыны сұрап алған. Қаулыда қылмыстық істің 8 қарашада, яғни осыдан 20 күн бұрын жабылғаны көрсетілген. Жәбірленуші Диана Сапарқызы оны білмеген. Адвокат әзірге жәбірленуші қылмыстық іс материалымен таныстырылмағанын айтты.

— Полиция алғашқы инстанциядағы сот қаулысына сүйенген. Ол қаулыда қылмыстық құрам жоқ деп көрсетілген, бірақ ол заңды күшіне енбеген. Апелляция шешімін күтпестен полиция істі қалай жабады? Сірә, істі қайткенде жапқысы келсе керек. Бұл не деген бассыздық? Бұл мәселені заң деңгейінде шешіп, полиция істің тоқтатылғанын хабарлайтын нақты мерзімді көрсету керек,- деді Азаттыққа адвокат Шырын Әмірғалиева.

Полиция қаулысына қарағанда, бастапқыда күзет қызметі Диана Сапарқызын өлген шахтерлердің туысы деп ойлаған, кейін оларға журналист видеоға түсіріп жүргенін хабарлаған. Қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыда "журналист "Қазақстан" шахтасының иесі – "Арселор Миттал-Теміртау" компаниясының шахтадағы төтенше жағдай жөнінде жауабын күтпестен келесі күні шахтаға өзі барған" деп көрсетілген.

Қазан айында Шахтинск қалалық соты журналист Диана Сапарқызы жәбірленуші болып танылған "денсаулыққа қасақана залал келтіру" бабы бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатқан. Онда жергілікті шахтаның күзет қызметкері жауапкер болған.

Диана Сапарқызына адвокоат ұсынған "Әділ сөз" журналистерді қорғау ұйымы әкімшілік істі тоқтату туралы сот шешімі қылмыстық істі тоқтатуға да негіз болуы мүмкін деген алаңдаушылығын білдірген еді.

Қарашада журналист адвокаты сот шешіміне келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық инстанция қалалық соттың қаулысын өзгертіп, істі тоқтатуға құқық бұзушылықтың жоқтығы емес, "қылмыстық әрекеттің жоқтығы себеп" деген қорытынды шығарған. Полиция Диана Сапарқызы бастан өткерген оқиғадан соң қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, оны әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызған. Бірақ ол да тоқтап қалған.

Журналист көрсеткен күзет қызметкері сотта "шахта аумағындағы оқиғаға қатысы жоқ" екенін айтып, "журналистің денсаулығына залал келтіргенін" мойындамаған. Сотқа дейінгі тергеу кезінде видео түсіріп жүрген журналисті шахта аумағына шығарып жібергенін көрсеткен еді.

18 тамызда "Қазақстан" шахтасындағы апаттан хабар таратуға барған журналист Диана Сапарқызына екі ер адам тап беріп, телефонын тартып алған, кейбір файлдарды өшіріп тастаған. Журналист өзіне тап берген адамдарды видеоға түсіріп алған. Ол полицияға шағым түсірген. Сот медицина сараптамасы оның сол жақ иығы зақымданғанын, жеңіл жарақаттанғанын анықтаған.

Бұған дейін "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) халықаралық ұйымы Қазақстан билігін журналист Диана Сапарқызына "Қазақстан" шахтасында жасалған шабуылды тергеуге шақырған. Ал "Әділ сөз" бас прокурорға ашық хат жазып, тиісті шара қолдануға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG