Accessibility links

Алматы хостеліндегі өрт: Қаза болғандардың басым бөлігі - қазақстандықтар, Ресей және Өзбекстан азаматтары да бар


Алматыда хостелдегі өрттен қаза болған 13 адамның басым бөлігі - қазақстандықтар. Қаза болғандар арасында Ресей және Өзбекстан азаматтары да бар деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.

Алматы полициясының мәліметінше, қаза болған 13 адамның 9-ы - қазақстандық, екеуі - Ресей, екеуі - Өзбекстан азаматы.

Әзірге олардың аты-жөндері жарияланған жоқ.

30 қарашада таңертең Алматы орталығындағы хостелдердің бірінде өрт шығып, 13 адам қаза болған. Алдын ала ақпаратқа қарағанда, олар түтінге тұншығып өлген болуы мүмкін.

Өрт кезінде хостелде 72 адам болған: 59-ы өз бетімен сыртқа шыққан. Арасында шетел азаматтары да бар. Бірнеше адамның ауруханаға жатқызылғаны хабарланды. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, эвакуацияланғандар үш бөлек орынға орналастырылған, 7 адам әкімдік ұсынған орындарға барудан бас тартқан.

"Барлығы тегін тұрады, тегін тамақпен қамтамасыз етілген" деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Алматы төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, 1956 жылы салынған үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабаты мен жертөлесіне орналасқан хостел 1,5 ай бұрын ашылған және жертөле бөлігі заңсыз хостелге айналдырылған. Хостелде өрт сөндіру құралдары болмаған, алайда сигнализация ойнаған. Оқиғаға байланысты "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Хостелдегі өртке байланысты үкімет комиссия құрылған.

XS
SM
MD
LG