Accessibility links

Бас прокурордың орынбасары Жыланбаев үкімінің "жасырын оқылғаны" жөнінде сұрақтан жалтарды


Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.

30 қарашада Астанада бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев "азаматтық белсенді Марат Жыланбаевқа үкім неге жасырын оқылды?" деген сұраққа нақты жауап бермеді.

Азаттық тілшісі мәжіліс кулуарында оған "бас прокуратура нақты жағдайда сот ашықтық принципін бұзды деп санамай ма және бас прокуратура бұл жөнінде қандай да бір мәлімдеме жасамай ма?" деген сұрақ қойды.

Журналист мәселе үкімнің өзінде емес және үкімнің көпке жария түрінде оқылуы туралы талапта екенін бірнеше рет атап өтті. Өзге ақпарат құралдары да мәселе үкімнің оқылуына қатысты екенін жеткізді.

Өмірәлиев әуелі Жыланбаев ісінің жабықтығын алға тартты.

"Үкім жария түрде оқылуы тиіс пе?" деген сұраққа прокуратура өкілі "сұрақты түсінбейтінін" жеткізді.

Өмірәлиевтің сөзінше, "судья заң талаптарына сәйкес жұмыс істеп жатыр", "жалпы алғанда соттың істерді жабық режимде қарауға құқығы бар".

—Сот үкімі ашық оқылуы тиіс емес пе? — деп сұрады журналист.

—Бұл іс бойынша процестің қаралуы сияқты, шешімі де заңға сәйкес, — деді бас прокурордың орынбасары.

Сот талқылауының ашықтығы туралы талап Қылмыстық-процестік кодексте жазылған. ҚПК-ның 29-бабына сәйкес, соты жабық болған істер бойынша да үкім жария түрде оқылуға тиіс.

"Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты сот 7 жыл түрмеге кесті. Азаматтық белсендіге "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Жыланбаев пен жақтастары істің саясиланғанын айтады.

60 жастағы Марат Жыланбаевтың ісі бойынша алғашқы тыңдау қазан айының соңында болған, процесс жабық өтті. Қылмыстық істі қараған судья Сабыржан Кәрімов екі "құпия куәгердің өтінішімен" істі жабық қарау туралы шешім қабылдаған.

Жыланбаев үкіміне де БАҚ өкілдері мен белсенділер кіргізілмеді. Үкімнің қашан оқылатыны алдын ала хабарланбады. Кейін соттың ресми сайтында хабарлама пайда болды. Адвокат 29 қараша кешке Азаттық тілшісіне сот үкімін толық ести алмағанын, онлайн оқылған үкім белгіленген уақыттан ерте оқылғанын айтты. Белсенділер мен құқық қорғаушылар бұған дейін сот талқылауындағы ашықтық принипі бұзылғанын айтып, билік процесті тезірек бітіруге асыққан сияқты деп топшылаған.

Марат Жыланбаевтың өзі қараша айының басынан бері ашық сотты талап етіп, екі апта түрмеде аштық жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG