Шетел әуе компаниялары Қазақстанның 13 қаласына шектеусіз ұшу құқығына ие болды. Бұл жөнінде 2 желтоқстанда Қазақстан көлік министрлігі хабарлады.
Көлік министрлігінің хабарламасында ведомство мен бәсекені қорғау жөніндегі агенттік Қазақстанның әуе тасымалдау нарығын арттыру мақсатында "ашық әуе" режимін жетілдіргені жазылған.
"Атап айтқанда, министрлік "ашық аспан" режимін енгізу туралы бұйрыққа шетел әуе компанияларына қазақстандық тасымалдаушылар ұшпайтын бағыттар бойынша 5-дәрежелі "әуе еркіндігін" пайдалану құқығын беру арқылы бұрын-соңды қолданыста болған шектеулерді алып тастауға бағытталған өзгерістер енгізілді" деп жазылған хабарламада.
Министрліктің пікірінше, бұл қадам авиабилеттердің арзандауына, қызмет сапасын жақсартуға және ұшу бағыттарын көбейтуге көмектеседі.
"Ашық әуе" режимі Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Түркістан, Өскемен және Шымкентте істеп тұр.
Қазақстанда әуе билеттерінің қымбаттығы туралы жиі шағым түседі. Қараша соңында көлік министрі Марат Қарабаев елде ұшу қызметі қымбат екенін мойындады.
"Әуе билеттерінің қымбаттығы қоғамда көп талқыланған мәселе. Билеттер қымбат екенін мойындаймыз. Қазіргі кезде Қазақстан нарығына жаңа лоукостерлерді тарту мәселесіне қызу кірістік" деді министр.
Қарабаевтың айтуынша, ведомство Қазақстан нарығына халықаралық компаниялардан жаңа лоукостер кіргізу мәселесі "қаралып жатыр". Одан бөлек, министрдің айтуынша, қазақстандық әуе компаниялары да тасымалдау сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа ұшақтар сатып алмақ.