Accessibility links

Өзбекстанда тұмауға қарсы шәрбатпен байланыстырылған 65 баланың өлімі бойынша іс бір айға тоқтатылды


Өзбекстан жоғарғы соты.
Өзбекстан жоғарғы соты.
Ташкент қалалық соты үндістандық Marion Biotech компаниясының жөтелге қарсы шәрбатымен байланыстырылған 65 баланың өлімі бойынша істі бір айға тоқтатты. Бұл жөнінде Өзбекстан жоғарғы соты 1 желтоқсанда хабарлаған.
Бұл істе қазір 21 айыпталушы (16 ер адам, 5 әйел) бар. Сот хабарламасына қарағанда, тергеу органдары тағы бірнеше адамға айып таққан. Осы және өзге себептерге байланысты іс тергеуге қайтарылған. Бұл іс бойынша сот 11 тамызда қарала бастаған еді.
Айыпталушылар арасында дәрі-дәрмек саласын дамыту жөніндегі агенттіктің бұрынғы басшысы Сардор Кариев пен шәрбатты Өзбекстанға импорттаған Quramax Medical компаниясының басшысы Рагневдра Пратар бар.
Биыл тамызда осы істегі айыптау актісіне сүйенген Өзбекстан жоғарғы соты Үндістанда шығарылған Marion Biotech компаниясының жөтелге қарсы шәрбатынан 65 бала қайтыс болған деп мәлімдеген еді.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, дәрі-дәрмектерді сараптамадан өткізу кезінде нормативтік-құқықтық талаптар бұзылған, соның салдарынан сапасыз препараттар нарыққа шығып кеткен.
Өзбекстанда Marion Biotech компаниясының жөтелге қарсы шәрбатын ("Док-1 Макс") сату 2022 жылы 22 желтоқсанда тоқтатылған, алайда аталған дәріні алмау жөнінде ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі бір аптадан кейін ғана тарата бастаған. Сол кезде денсаулық сақтау министрлігін басқарған Бехзод Мусаев "Док-1 Макс" шәрбатын қабылдаған балалардың өлімі туралы ақпарат министрліктен жасырылғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG