Accessibility links

Орал маңындағы ауыл халқы 20 жылдан бері уәде етілген жол салуды талап етті


Подстепное ауылының тұрғындары жол салуды талап етіп тұр. Батыс Қазақстан облысы, 3 желтоқсан 2023 жыл.
Подстепное ауылының тұрғындары жол салуды талап етіп тұр. Батыс Қазақстан облысы, 3 желтоқсан 2023 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласынан ондаған шақырым жердегі Подстепное ауылының отыз шақты тұрғыны 3 желтоқсанда ауыл ішіне жол салуды талап етіп жиналды.

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, ауылдағы жолдардың барлығы жөндеу көрмеген. Кейбір көшелерге жол мүлде салынбаған. Ауыл халқы әсіресе Жеңіс көшесіне назар аударуды сұрайды, желтоқсан басы болса да, мұнда балшық-батпақ. Наразылардың айтуынша, аудан билігі жол жөндеу бойынша жұмыстардың сметасын дайындап қойған, алайда жол құрылысы әлі басталмаған.

—Біз алғаш рет үйді көшенің мына жағына салдық, ол кезде ауыл қазіргідей үлкен болмаған. Ал қазір мұнда мектеп, балабақша, аурухана бар. Барлығы біздің көшемен жүреді, бірақ мұнда жүру мүмкін емес – мұнда жаздың өзінде кішкене жаңбыр жауса болды – батпақ-балшық болып кетеді. Жолды қашан жөндейді деп жүргенімізге 20 жыл болды, бізге тек уәде береді, — дейді Жеңіс көшесінің тұрғыны Бибігүл Бекжанова.

Әйелдің айтуынша, Жеңіс көшесі арқылы зейнеткерлер – ауруханаға, балалар мектепке барады. Кейде ересектер балшықтан өте алмай тұрған балаларды көтеріп өткізеді. Тұрғындар мұнда тіпті жедел жәрдем көлігі де өте алмайды дейді. Жазда көліктер балшыққа батса, қыста мұзға тайғанайды.

—Көлік сатып алып, топырақ тасыдым, жолға төседім. Бірақ бәрібір көліктер өтеді де жым-жылас қылады. Тек жаяу шығамын, – дейді тағы бір тұрғын Болат Койшекенов.

Тұрғындар жергілікті және аудан билігіне бірнеше рет жол жөндеу туралы талап қойғанын, үнемі құрғақ уәдеден басқа ештеңе естімегенін айтты.

Оқиға орнына келген Теректі ауданы әкімінің орынбасары және ауыл әкімінің айтуынша, Жеңіс көшесін асфальттау жобасының сметасы дайын. Ауылдың үш көшесін жөндеуге 360 млн теңге бөлінген, алайда облыстық бюджеттен қаржы түспеген.

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев. Батыс Қазақстан облысы, 3 желтоқсан 2023 жыл.
Теректі ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев. Батыс Қазақстан облысы, 3 желтоқсан 2023 жыл.

—Бұл мәселе жөнінде 2022 жылдың басынан бері естіп келемін. Жобалық-сметалық құжатнама дайын, оны былтырғы жылдың соңында дайындағанбыз. Жобалық-сметалық құжатнама сараптамасымен шықты. Жоғары жаққа бюджетке тапсырыс бердік, автожол басқармасымен және облыс басшылығымен үнемі байланыстамыз. Осы аптада аудан әкімімен бірге жол басармасына бардық. Аталған үш көшені 2024 жылдың облыстық бюджеттік комиссиясының қарауына ұсынамыз. Егер олар қолдаса, онда келесі жылы байқау жариялап, мұнда жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, – деді Теректі ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев.

Екі ай бұрын көлік министрі Марат Қарабаев жол сапасы жағынан ең соңғы орында Батыс Қазақстан облысы тұр деп айтқан. Министрдің айтуынша, аймақта жол жөндеуге үкімет бюджетінен биыл 50 пайыз көбірек ақша бөлінген.

XS
SM
MD
LG