Accessibility links

Азаттықтың Түркімен қызметінің бұрынғы журналисінен үш күннен бері хабар жоқ


Худайберді Аллашов
Худайберді Аллашов

Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык) бұрынғы тілшісі Худайберді Аллашовтан үш күннен бері хабар жоқ. Редакция қолында бар хабарға сүйеніп, полиция Аллашовты "сыртқы әлеммен байланысқаны үшін" ұстап отыр деп жазды.

34 жастағы Аллашовтың ұсталғаны жайлы 1 желтоқсанға Азатлыкқа жақындары хабарлаған. Туыстарының айтуынша, полицейлер журналисті Кёнеургенч қаласындағы үйінен түскі төрттер шамасында күштеп алып кеткен. Содан бері Аллашовтан хабар жоқ.

Ұстардан бірнеше күн бұрын журналисті Кёнеургенч қаласындағы полиция бөлімшесіне шақырып, ұрып, тоқпен азаптағаны да айтылды. Бірақ Азатлыкта бұған қатысты ресми ақпарат жоқ.

Аллашов Азаттықтың Түркмен қызметінде 2016 жылы қазан-желтоқсанда жүмыс істеп, Мека Ташлиев деген лақап атпен мақалаларын жариялаған.

2016 жылы желтоқсанда полиция Аллашов пен оның анасы Курбантяч Аразмедованы "насыбай сақтады" деген жалған айыппен қамауға алған. Ұсталар күні Дашогуз уалаятының полициясы журналистің Азатлыкта жұмыс істейтінін біліп қойған.

Азатлык радиосының дереккөздері Кёнеургенч қаласының полиция бөлімшесінде журналист пен анасын азаптағанын айтқан. Полиция журналистің әйелі Эджеш Аразғылыджаева мен екі кішкентай баласын да тергеген.

Халықаралық ұйымдар мен шетелдік дипломаттардың араласуынан кейін Түркіменстан билігі 2017 жылы ақпанда Аллашов пен оның анасын босатқан. Бірақ сот олардың үш жыл бас бостандығын шектеп, байланыс құралдарын қолдануға тыйым салған.

Осы қысымнан соң Аллашов Азатлык радиосына мақала жазуды тоқтатқан. Үш айдағы қамау мен азаптаудан журналист пен анасының денсаулығы нашарлаған.

2019 жылы қазанда Аллашовты полиция тағы да алып кетіп, ұрып-соғып, тергеген еді. Сол күні Курбантяч Аразмедова баласын уайымдап, ауруханаға түскен. Кейін екі күннен соң Аразмедова жүрек талмасынан қайтыс болды.

Былтыр мамырда Аллашов пен әйелі Эджешті Кёнеургенч қаласы билігінің шенеунігі соққыға жыққаны айтылған. Эджеш ауыр соққыдан ауруханаға түсіп, Худайбердыге медициналық көмек көрсетілген еді.

Түркіменстан әлемдегі ең жабық әрі репрессивті ел саналады. Human Rights Watch дерегінше, 2022 жылы бұл елде ондаған адам іс-түссіз жоғалып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG