АҚШ қаржы министрлігі Ресей және Беларусьтың 13 жеке тұлғасы мен 20 компаниясын санкция тізіміне енгізді. Жаңарған тізім Америка ведомствосының сайтында жарияланды.
Санкция тізіміне Пермьде туған Швеция азаматы Сергей Скворцов енген. Швецияда бұған дейін Сергей Скворцов есімді адам Ресей тыңшысы деп айыпталып, кейін ақталған.
АҚШ санкциясына сонымен бірге белорус кәсіпкерлері Александр Шакутин, Павел Топузидис және Виктор Петрович енген. Вашингтон оларды "Александр Лукашенконың әмияны" деп атайды.
Шектеу Белорус Қызыл крест ұйымының бас хатшысы Дмитрий Шевцовқа да қойылған. Америка қаржы министрлігінің пікірінше, Дмитрий Шевцов украин балаларын Киев бақылауына кірмейтін аймаққа күштеп депортациялаған.
АҚШ санкциясына енген компаниялар арасында Ресейдің қорғаныс саласымен байланысты кәсіпорындар бар.