Accessibility links

Киев АҚШ конгресін Украинаға көмек пакетін жылдам қабылдауға шақырды


Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак "Соғыс және бейбітшілік" институтында сөйлеп тұр, 5 желтоқсан 2023 жыл.
Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак "Соғыс және бейбітшілік" институтында сөйлеп тұр, 5 желтоқсан 2023 жыл.

АҚШ-тың Киевке әскери көмекті кешіктіруі Украинаның Ресеймен соғыста жеңілу қаупін зорайтады. Вашингтонда "Соғыс және бейбітшілік" институтында сөйлеген Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак осылай деп мәлімдеді, деп жазды "Америка дауысы" сайты.

"Бізге қазіргі позициямызды сақтаудың өзі қиынға түспек" деді Андрей Ермак. Оның айтуынша, Украинаның 2024 жылға арналған өз әскери қимыл жоспары бар.

Қазан айында АҚШ президенті Джо Байден Украинаға 61,4 миллиард, Израильге 14,3 миллиард көмек бөлуді конгресстен сұраған. Бірақ конгресс әлі күнге қолдамаған. АҚШ осы мәселеге байланысты Украинаға көмек азайғанын мойындаған.

Республикашылдардың бақылауындағы өкілдер палатасы Израильге көмекті мақұлдағанмен Украинаға көмек пакетін қолдамаған. Бұдан соң сенатта демократтар құжатты өткізбей тастады.

4 желтоқсанда Ақ үйдің бюджет басқармасының директоры Шаланда Янг өкілдер палатасының спикері Майк Джонсонға хат жіберіп, АҚШ әкімшілігінде жыл соңында Украинаға қару мен техника жіберетін қаржы қалмайтынын хабарлаған.

Янгтың айтуынша, конгресс мақұлдауынсыз Киевке жаңа көмек беру мүмкін емес және соның салдарынан Украинаның Ресей әскеріне төтеп беру мүмкіндігі азая түседі.

Бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский Америка сенатының жиынына қатысудан бас тартты. Бұл жөнінде АҚШ сенатындағы демократтардың жетекшісі Чак Шумер хабарлады. Зеленскийдің жиынға қатыспау себебі белгісіз.

Бұған дейін батыс ақпарат құралдары сенат жетекшісі Чак Шумерге сүйене отырып, Украина президенті құпия брифингте сенаторларға мәлімдеме жасайтынын жазған. Ақпаратқа қарағанда, Украина жетекшісі соғыстың барысы мен әскери көмек қажеттігі жөнінде айтуы тиіс болған.

XS
SM
MD
LG