Accessibility links

Малала Юсуфзай "Талибанның" әйелдерге қатысты саясатын "гендерлік апартеидке" теңеді


Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының иегері Малала Юсуфзай. Йоханнесбург (Оңтүстік Африка), 5 желтоқсан 2023 жыл.
Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының иегері Малала Юсуфзай. Йоханнесбург (Оңтүстік Африка), 5 желтоқсан 2023 жыл.

Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты Малала Юсуфзай 5 желтоқсан күнгі сөзінде Ауғанстанда тәліптердің әйелдерге қатысты саясатын "гендерлік апартеидке" теңеп, халықаралық қауымдастықты гендерлік апартеидті адамзатқа қарсы қылмыс деп тануға шақырды.

Нельсон Манделаның дүниеден өтуіне 10 жыл толуына орай Йоханнесбургте өткен жиында Малала Юсуфзай тәліптер 2021 жылы тамызда билікке келгелі бері "қыз болуды заңсыз" деп жариялады, бостандықтың болмауы көп адамды қапаландырды деді.

"Екі-ақ жыл бұрын Ауғанстанда әйелдер жұмыс істеп, лауазымды қызметтер атқарды, министрліктерді басқарды, еркін саяхаттады. Барлық жастағы қыздар футбол, крикет ойнап, мектепте білім алды. Бәрі керемет болмағанмен ілгерілеушілік болды" деді ол.

Оның сөзінше, АҚШ әскерін Ауғанстаннан әкеткеннен кейін іле-шала билікті басып алған "Талибан" басшылары әйелдердің құқығын шектейтін 80-нен астам жарлық пен бұйрық шығарып, "қыз-келіншектерді жүйелі түрде тез тықсыра бастаған". Қыздардың орта білім алуына тыйым салды. "Талибан" "іс жүзінде қыз болуды заңсыз деп таныды, мұнысы "жеміс" бере бастады" деді Юсуфзай.

Малала 2012 жылы Пәкістанда өзі оқып жүрген мектеп автобусына жасалған шабуыл кезінде басына оқ тиіп, жараланған. Шабуылды Малаланың қыздарға білім беру кампаниясына қарсы тәліптер жасаған. Малала шабуылдан ауыр жараланған, бірақ Ұлыбританияда емделіп, аман қалды. Қазір сол елде тұрып жатыр. Өзіне қастандық жасалғалы бері ол әлемді аралап, қыздардың білім алуына мүмкіндік беруге шақырып келеді. Ол 2014 жылы үндістандық құқық қорғаушы Кайлаш Сатъяртхимен бірге бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген. 17 жасында ол Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының ең жас иегері атанды.

Йоханнесбургтегі жиында Юсуфзай "Талибанның" қыз-келіншектерге енгізген шектеулері бастапқыда халықаралық баспасөзден түспеді, алайда көп ұзамай "әлем бұл тақырыптан теріс айналды" деді. Ол Ауғанстандағы режимді гендерлік апартеид деп атап, әлемдегі үкіметтерді гендерлік апартеидті адамзатқа қарсы қылмыс деп жариялауға үндеді.

XS
SM
MD
LG