Accessibility links

АҚШ сенаты Украинаға көмектесуді қарастыратын заң жобасын өткізбей тастады


АҚШ президенті Джо Байден.
АҚШ президенті Джо Байден.

6 желтоқсанда АҚШ сенаты Украина мен Израильге әскери көмек және Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек қарастыратын заң жобасын өткізбей тастады.

Заң жобасына сенаттағы республикашылдардың барлығы және Израильге көмек беруді қолдамайтын тәуелсіз сенатор Берни Сандерс қарсы дауыс берді. Құжатта АҚШ-тың Мексикамен шекарасын күзетуге қаржы арттыруды қарастыратын пунктер бар, алайда республикашылдар Байден әкімшілігінен АҚШ-тан босқын мәртебесін сұрау талаптарын қатайтуды талап етіп отыр. Сенаттағы республикашылдардың басым бөлігі Украинаға әскери көмекті жалғастыруды қолдайды, алайда олар елдің оңтүстігінде қауіпсіздікті күшейту туралы талаптардан бас тартуға дайын емес.

Ықпалды республикашыл-сенатор Линдси Грэм конгресс Рождество алдындағы демалысқа кеткенге дейін келісімге келеді дегенге күмән келтірді. Оның сөзінше, ортақ шешім табу үшін процеске президент Джо Байден белсене араласуға тиіс.

Сенат дауыс бермей тұрып бірнеше сағат бұрын президент Джо Байден заң шығару орган өкілдеріне қайырылып, Украинаға көмекті мақұлдауды талап еткен. Байденнің үндеуіне қарамастан сенат мүшелері заң жобасын өткізбей тастады.

АҚШ президенті конгреске мәлімдемесінде Вашингтон Ресей басшысы Владимир Путинге Украинадағы соғыста жеңуіне мүмкіндік бере алмайды деп айтқан. "Егер Путин Украинаны басып алса, ол мұнымен тоқтамайды" деді Байден. Путин НАТО одақтастарына шабуылдаса, онда Америка әскері ресейліктермен соғысады деді ол.

Қазан айында АҚШ президенті Джо Байден Украинаға 61,4 миллиард, Израильге 14,3 миллиард көмек бөлуді конгресстен сұраған. Бірақ конгресс әлі күнге қолдамаған.

Республикашылдардың бақылауындағы өкілдер палатасы Израильге көмек беруді қолдағанмен Украинаға көмекті жалғастыруды мақұлдамаған. Бұдан соң құжаты сенатта демократтар өткізбей тастады.

4 желтоқсанда Ақ үйдің бюджет басқармасының директоры Шаланда Янг өкілдер палатасының спикері Майк Джонсонға хат жіберіп, АҚШ әкімшілігінде жыл соңында Украинаға қару мен техника жіберетін қаржы қалмайтынын хабарлаған.

6 желтоқсанда Украина басшысы Владимир Зеленский АҚШ сенатының жиынына қатысудан бас тартты. Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Вашингтонда "Соғыс және бейбітшілік" институтында сөйлеген сөзінде конгресті Украинаға көмек пакетін тезірек қабылдауға үндеген. Ол "көмектің кешіктірілуі Украинаның Ресеймен соғыста жеңілу қаупін зорайтады" деп мәлімдеген. "Бізге қазіргі позициямызды сақтаудың өзі қиынға түспек" деді Андрей Ермак.

6 желтоқсанда "Үлкен жетілік" елдері басшыларының жиынына онлайн қатысқан Владимир Зеленский Украинаның одақтастары "бір жеңнен - қол, бір жағадан бас шығарып", ынтымақтастық білдірсе, Украина қыста энергетикалық инфрақұрылымын қорғап, қарсы шабуылға шыға алады деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG