Accessibility links

Президент Ақтөбеге келген күні екі белсенді қысым жасалғанын хабарлады


Белсенділер Ахмет Сәрсенғалиев және Айнагүл Төбетова. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2023 жыл.
Белсенділер Ахмет Сәрсенғалиев және Айнагүл Төбетова. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2023 жыл.

Сәрсенбі, 6 желтоқсан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбеге барғанда кемінде екі белсенді қысым көргенін хабарлады. Белсенді Ахмет Сәрсенғалиев үйін түс ауғанша полиция торуылдағанын айтты. Ал Айнагүл Төбетованы көшеден ұстап, Сазды полиция бөліміне әкеткен.

- Кеше (6 желтоқсанда – ред.) Тоқаев Ақтөбенің Батыс деп аталатын ауданындағы жаңа мектепке барды. Жұмыс орным сол жақта еді. Сағат 12-ден өте жұмыстың қасынан ұстап алып кетті. Сазды полиция бөліміне апарып, 2,5 сағаттай ұстады. «ҚДТ-ны қолдайсыз ба?», «Тоқаевқа не айтасыңдар?», «Қандай талап-тілектерің бар?» деп сұрап орысша хаттама толтырды. Мен Тоқаевпен сөйлеспек түгілі оны көргім де келмейтінін айттым, - дейді Айнагүл Төбетова.

Белсендінің сөзінше, түстен кейін полиция қызметкерлері оны жұмыс орнына жеткізіп салған. Ешқандай шара қолданбаған. Айнагүл Төбетова да, белсенді Ахмет Сәрсенғалиев те «билік біздің құқымызды бұзды» деп санайды.

- Кеше таңнан бастап түс қайта төрт-бестерге дейін үйімді аңдыды. Мұның бәрі заңсыз әрекет. Заңсыз сотталып жатырмыз. Жылына кем дегенде үш рет әкімшілік қамауға алынамыз. Отырмайтындар айыппұл төлейді. Мына қазіргі Тоқаевтың "Жаңа Қазақстаны" бұрынғы ескі Назарбаевтың "ескі Қазақстанынан" да асып түсті. Қаншама саяси белсенді түрмеде отыр. Қаншамасы қуғындалып жүр. Соның бәріне не себеп? Неге соншама халықтан қорқады?- дейді белсенді Ахмет Сәрсенғалиев.

Ақтөбе полициясы белсенділердің қысым көргенін жоққа шығарып отыр. Полицияның мәліметінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары кезінде Ақтөбеде күзет күшейтілгені рас. Бірақ белсенділердің үйін торуылдап, учаскеге әкету дерегі тіркелмеген.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймаққа сапары кезінде кейбір белсенділер президент қатысатын жиынға қатыстырылмағанына шағымданған. Былтыр қазанда Қарағандыда журналистер, блогерлер мен белсенділер "президенттің жұртшылықпен кездесуі" атты шараның көпке хабарланбағанына наразылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG