Accessibility links

Әзербайжан және Армения бейбіт келісімге қол қоятынын растады


Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев (сол жақта) және Армения премьер-министрі Никол Пашинян. Санкт-Петербург, желтоқсан айы 2022 жыл.
Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев (сол жақта) және Армения премьер-министрі Никол Пашинян. Санкт-Петербург, желтоқсан айы 2022 жыл.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әкімшілігі мен Армения премьер-министрі Никол Пашинянның аппараты ортақ мәлімдеме таратып, "егемендік пен территория тұтастығы приниптерін құрметтеуге негізделген" бейбіт келісімге қол қоятынын растады.

Мәтінде "екі мемлекет сенімді нығайту бойынша елеулі келісімге келгені" жазылған. Тараптар тұтқын алмасуға да келіскен.

"Әзербайжан гуманитарлық құндылықтарды басшылыққа ала отырып ізгі ниеттің белгісі ретінде 32 армян әскери қызметкерін босатады. Армения да гуманитарлық құндылықтарды басшылыққа ала отырып ізгі ниеттің белгісі ретінде екі әзербайжан сарбазын босатады" деп жазылған мәтінде.

Бұған қоса, Армения БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы 29-сессиясын Әзербайжанда өткізу туралы Бакудің өтінішін қолдап, өз кандидатурасын алып тастаған. Ал Әзербайжан Арменияның "Климаттың өзгеруі бойынша Шығыс Еуропа тобының бюросына мүшелігін" қуаттаған.

  • Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. Үш жыл бұрынғы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін бақылауына алған.
  • Биыл 19 қыркүйекте Әзербайжан әскери операция жасап, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының үкіметін капитуляцияға мәжбүрлеп көндірген. Қуғын-сүргін болуы мүмкін деп сескенген армяндар жаппай үйлерін тастап, Арменияға кеткен. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 120 мың армяннан бірер аптаның ішінде мыңнан астам ғана адам қалған. Ереван халықтың жаппай қоныс аударғанын қысым деп атаған. Ал Әзербайжан билігі армяндарды қала беруге, Әзербайжан қоғамымен араласуға шақырған.
  • 28 қыркүйекте мойындалмаған республиканың құрылымдары өз-өзін тарататынын жариялады. Қазан ортасында президент Ильхам Әлиев Ханкенді (Степанакерт - мойындалмаған Таулы Қарабақтың бұрынғы астанасы) қаласында Әзербайжан туын көтеріп, осылайша Баку Қарабақты толық қайтарып алғанын білдірген.
XS
SM
MD
LG