Accessibility links

"Көре алмайтын егеуқұйрық". Назарбаевтың "екінші әйелінің" аккаунты Азаттық тілшісіне жазды


Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты жаңа мемуарында Әсел Құрманбаевамен жақындастығын мойындайды, бірақ Гүлнар Рақышева жөнінде ештеңе жазбаған. Кейбірі Рақышеваны Назарбаевтың "екінші әйелі" деп атайды.
Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты жаңа мемуарында Әсел Құрманбаевамен жақындастығын мойындайды, бірақ Гүлнар Рақышева жөнінде ештеңе жазбаған. Кейбірі Рақышеваны Назарбаевтың "екінші әйелі" деп атайды.

"Экс-президенттің "бейресми әйелі" Гүлнара Рақышева деген кім?" атты зерттеу материал жариялаған Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлына Рақышеваның аккаунтынан жауап келді. «Одноклассники» желісіндегі аккаунтқа жіберген Азаттық сұрақтарына "Рақышева ашумен жауап берген".

– Тағы бір көре алмас егеуқұйрық. Бизнес аш, жұмыс істе де табыс тап. Кім кедергі? Әлде бас жетпей ме? Әрине, андағы жақта «дотацияда» отыру ыңғайлы, шамасы тапсырыс көп сияқты, – деп жазылған жауапта.

Манас Қайыртайұлы сұрақтарды аталған аккаунтқа зерттеу жарияланбай тұрып жіберген. Журналист оған бірнеше дерек келтіріп, "қалай табысты кәсіпкерге айналдыңыз" деп сұраған. Материалды жасап жатқанда кейде онлайн отыратын Рақышева сол кезде жауап бермеген.

Жауап зерттеу жарияланғаннан кейін бірнеше күннен соң келді. Аталған аккаунт жабылып, оның жазбаларын тек достары ғана көре алатын болған.

Алғаш рет Гүлнара Рақышева туралы Назарбаевтың күйеу баласы болған, марқұм Рахат Әлиев билікпен кетіскен кезде жариялаған "Өкіл қайын ата" деген кітабында жазған. Рақышева туралы пікір айтқандар сол дерекке сүйенеді. Әлиев "Стюардесса мен мемлекет басшысының қарым-қатынасы жақындаса түскен 1996 жылы Гүлнара 26 жасқа толған" деп жазған. Ол кезде Назарбаев 56 жаста болған. Әлиевтің айтуынша, Рақышеваның Назарбаевтан екі қызы бар.

Рақышева кейін "Эйр Астана" әуе компаниясының вице-президенті болады. Ол сауда және қызмет саласындағы бірнеше жеке компанияның құрылтайшысына да айналады.

1 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев жаңа кітап шығарып, онда Әсел деген әйелмен мұсылманша некеге отырғанын, араларында екі ұлы барын жария еткен. Назарбаев қазір мойындағанымен, Әсел Құрманбаева жайлы ақпарат бұрыннан бар. Бірақ ол үшінші әйелі ретінде айтылатын. Ал бізге хат жазған, екінші әйелі болған деп көрсетілетін Гүлнара Рақышева мен онымен арақатынасы жайлы экс-президент ештеңе демеген.

Назарбаевтың ресми биографиясында оның әйелі Сара Назарбаева деп көрсетілген, олардың үш қызы бар: Дариға, Динара және Әлия.

Назарбаев 2019 жылы президент қызметінен кеткенмен бірнеше жыл саяси ықпалын сақтап тұрды. Қанды Қаңтардан кейін ол өзін "қарапайым зейнеткер" деп атады. Кейінгі екі жылда экс-президент жұрт алдына сирек шығып жүр. Былтыр "Қазақстанның тұңғыш президенті- Елбасы туралы" заңның күші жойылып, экс-президент "елбасы" мәртебесінен айырылды. Үш жыл бұрын Нұр-Сұлтан деп аталған астананың бұрынғы аты қайтарылды.

XS
SM
MD
LG