Әзербайжанның биліктегі Yeni Azərbaycan («Жаңа Әзербайжан») партиясы келесі жылы ақпанда өтетін кезектен тыс президент сайлауына қазіргі президент Ильхам Әлиевтің кандидатурасын ұсынды.
АПА агенттігінің хабарына қарағанда, Yeni Azərbaycan партиясы төрағасының орынбасары Тайыр Будагов "Қарабақты кім азат етсе, сол мәңгілік президент болады деп көптен бері айтып жүрдік. Менің ойымша, Ильхам Алиев 20 жылдық саясатында әзербайжан халқына қызмет көрсетті, жерімізді азат етіп, бұл орынға лайық екенін танытты. Әзербайжаннның әрбір патриоты бұған келіседі" деп сөйлеген.
- Әзербайжан президенті 7 жылға сайланады. Бұл түзету 2016 жылы конституцияға енгізілген. Бұрын президент бес жылға сайланып келген.
- Әзербайжандағы соңғы президент сайлауы 2018 жылы 11 сәуірде өткен. Заң бойынша келесі сайлауы 2025 жылы өтуі тиіс еді.
- Оппозиция сайлауға бойкот жариялаған. Олар Әлиевті сөз еркіндігін жойды, авторитаризм орнатты, өзгеше ойлайтындарды қуғындады деп айыптайды.
- Ильхам Әлиев әкесі Гейдар Әлиев өлерден екі ай бұрын, 2003 жылы президент болып сайланған. Кейін ел конституциясынан "бір адам екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды" деген конституция бабы алынып тасталды. Одан кейін президент өкілеті мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзарды.
- Ильхам Әлиев 2008, 2013, 2018 жылдары президент қызметіне қайта сайланған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау миссиясы бұл сайлауларды "демократия стандарттарына сай емес" деп бағалаған.
ПІКІРЛЕР