13 желтоқсанға қараған түні Ресей әскері Киевті ракетамен атқылап, 51 адам зардап шекті, 18-і ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендер арасында 6 бала бар. Бұл жөнінде қаланың әскери және азаматтық әкімшілігі хабарлады.
Жарақаттанған адамдардың көбі жарылыстың салдарынан шағылған терезеден зардап шеккен. Қалада әуе дабылы жарылыстардан кейін қосылды, деп жазды "Украинская правда".
Болжамға қарағанда, Ресей әскері қаланы баллистикалық ракеталармен, оның "Искендармен" атқылаған. Олардың барлығын Украина әуе қорғанысы атып түсірген. Ондаған ракетаның сынығы Киевтің шығыс бөлігіне, Дарницк және Днепр аудандарына түскен. Кемінде үш жерде өрт шыққан.
Днепр ауданында ракета бөлшектері көп қабатты тұрғын үйдің алдына түсіп бүлдірген, үйдің өзінде өрт болған. Киев мэрі Виталий Кличконың айтуынша, үйден 15 адам эвакуацияланған, төртеуі - бала. Днепр ауданында атқылаудың салдарынан балалар ауруханасы да бүлінген. Ғимараттың терезелері шағылып, кіретін есіктері бұзылған. Зардап шеккендер жоқ деп айтылады.
Украинаның қарулы күштерінің хабарлауынша, 13 желтоқсанға қараған түні Киевке қарай бағыт алған он баллистикалық ракета атып түсірілген. Ракета түрлері олардың бөлшектері зерттелгеннен кейін анықталады.
Ракетадан бөлек, Ресей әскері Украинаға дрондармен де соққы жасады, олар да жойылған. Барлығы Одесса облысында атып түсірілді, деді Украинаның әуе күштері.
ПІКІРЛЕР