Accessibility links

Бішкектен ұрлап әкетілген Скорякинге Ресейде 500 мың рубль айыппұл салынды


Лев Скорякин
Лев Скорякин

Мәскеу соты "Левый блок" белсендісі Лев Скорякинге ФСБ (Федералды қауіпсіздік қызметі) ғимараты алдында "Чекистер күнімен" акциясын өткізгені үшін 500 мың рубль айыппұл салды. Бірақ тергеу абақтысында отырып шыққанына байланысты айыппұл төлеуден босатылды.

Белсендіні сот залында босатты. Мемлекеттік айыптаушы оған бес жыл жаза сұраған деп хабарлады "ОВД-Инфо" оның адвокаты Евгений Григорьевқа сілтеме жасап.

Лев Скорякин өзіне тағылған айыпты мойындап, соңғы сөзін айтудан бас тартты. "Кінәмді мойындаймын, куәлік етуден пайда жоқ", - деді ол. Оның сөзінен "Настоящее время" үзінді келтіреді.

23 жастағы Лев Скорякин мен әріптесі Руслан Абазов 2015 жылы құрылған, солшыл көзқарастағы азаматтарды біріктіретін “Солшыл қарсылық” қозғалысына мүше. Ресейдің ішкі істер министрлігі оларға 2021 жылы Федералдық қауіпсіздік қызметі ғимаратының жанында от жағып, оппозициялық мазмұнда плакат ұстап, “Чекистер күнімен!” деп ұрандағаны үшін іздеу жариялаған.

Биыл 17 қазанда Қырғызстанның арнайы қызметі Скорякинді Бішкекте ұстап, ресейлік әріптестеріне тапсырған.

Белсенді бұған дейін ФСБ қызметкерлері өзін ұрып-соққанын айтқан. 13 желтоқсанда белсенді журналистерге өзін Мәскеу әуежайында ұрып-соққанын растады.

Бұған дейін Қырғызстан бас прокуратурасы Скорякинді Ресейге экстрадициялаудан бас тартқан, себебі белсенді саяси баспана сұраған. "Мемориал" мәліметінше, белсенді Қырғызстаннан Германияға ұшып кетпек болған, алайда Еуропаға ұшып үлгермеген. Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанға барған күні оның ресейлік төлқұжаты тәркіленген.

XS
SM
MD
LG