Accessibility links

Голландиядағы қазақстандықтар Ресей депутатының мәлімдемесіне наразылық білдірді


Ресейдің Голландиядағы елшілігі алдындағы акция. Амстердам, 13 желтоқсан 2023 жыл.
Ресейдің Голландиядағы елшілігі алдындағы акция. Амстердам, 13 желтоқсан 2023 жыл.

13 желтоқсанда Ресейдің Голландиядағы елшілігі алдында үш адам акция өткізді. Екеуі – Қазақстан, біреуі Ресей азаматы. Бұл жөнінде акция өткізген азаматтардың бірі Ершат Төлеубайұлы Азаттыққа хабарлады.

– Акцияға шығудағы негізгі мақсатымыз – Ресей думасының депутаты Федоров мырзаның жасаған пропагандасына қарсылық білдіру. Бұған қоса, Ресейге жұмысқа барған немесе оқуға кеткен өзбек, қырғыз, қазақтарды Ресейде түрлі жаламен соттап, соғысқа жіберіп жатқан жайттарға қарсымыз. Сондай жігіттердің ата-аналарының жылап қалғанын көріп жатырмыз. Қазақстанда "жоғары жалақы төлейміз" деп өтірік компания ашып алып, сол арқылы да адамдарды соғысқа әкеткен жайттарды білеміз. Соған қарсымыз, - деді Ершат Төлеубайұлы 14 желтоқсанда Азаттыққа.

Оның сөзінше, акцияны Голландияда жүрген ресейліктер ұйымдастырған, алайда олардың көбі келмей, ақырында бір ғана Ресей азаматы қатысқан.

Азаттыққа келіп түскен видеода қазақстандықтардың қолында "Орталық Азиядан келген студенттер мен мигранттарды соғысқа жіберуді доғар!", "Қазақстанға қарсы арандату сипатындағы пропагандаңды тоқтат!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрғаны көрінеді. Біреуінде Ресей президенті Владимир Путин, екіншісінде Ресей думасының депутаты Федеровтың суреті бар.

Ресейдің Голландиядағы елшілігі алдындағы акция өткізіп тұрған екі қазақстандық. Амстердам, 13 желтоқсан 2023 жыл.
Ресейдің Голландиядағы елшілігі алдындағы акция өткізіп тұрған екі қазақстандық. Амстердам, 13 желтоқсан 2023 жыл.

Ресей азаматы делінген қыздың қолында "Соғыстың 658-і күні. Ресей бір ғана адамға тиесілі ме?..." деген жазуы бар плакат болды. Ол Ресей билігінің азаматтарды қалай соғысқа жіберіп жатқанын айтып, биліктің саясатынан қарапайым азаматтар зардап шегіп жатқанын жеткізді. "Ресей билігі украиндарды "нацист" деп айыптайды. Шын мәнінде Ресейдің өз ішінде нацистік әрекеттер жетіп артылады" деді.

Қарашаның соңында Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров gazeta.ru сайтына берген сұхбатында Қазақстанның территориялық тұтастығына күмән келтіріп, Қазақстан жерін "толық құқықтық сипатта деп айтуға келмейді" деп мәлімдеген еді. Ол Петропавлда "тәуелсіздік" жариялап, сотталған "халық кеңесінің" мүшелерін сепаратистер емес деген. Желтоқсан басында Қазақстан мәжілісінің депутаты Марат Башимов Федеровтың мәлімдемесін қатаң сынап, "ақылы 13 жастағы баланың ақылындай мемлекеттік дума депутатының арандатушы мәлімдемесіне пікір айту қиын. Федоровтың сандырағы тарихқа қайшы. Ол фактілерді бұрмалап, қасақана түрде СССР-дың қалай құлағаны жөнінде тіс жармады" деген еді.

Сәрсенбі күні Амстердамдағы акция шамамен 2,5 сағатқа созылған. Ресей елшілігінен ешкім шықпаған. Жергілікті полиция қызметкерлері келіп, "өздеріне елшіліктен шағым түскенін" айтқан. Акцияның рұқсат етілгеніне көз жеткеннен кейін "елшілік жаққа лас лақтырмау" сияқты заңсыздықтарға бармау қажеттігін ғана ескерткен.

"Полицияның айтуынша, қазір күн сайын Ресей елшілігі алдында осыған ұқсас акциялар өтіп жатыр. Сол үшін ондай жасамасаңыздар, айғай-шу көтермесеңіздер деген өтініш айтты" деді Ершат Төлеубайұлы.

Ол ресейлік депутаттардың арандату сипатындағы әрекеттері тыйылмаса, акция ауқымын ұлғайынын да айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG