Ресей 2024 жылы 7 құрлықаралық баллистикалық ракетасын сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Ресей стратегиялық зымыран күштерінің жетекшісі Сергей Каракаев 16 желтоқсанда осылай деп мәлімдеді. Бұл жөнінде "Интерфакс" жазды.
Оның айтуынша, Ресей ұшыруға кемінде бір тәулік қалғанда мұндай сынақ жөнінде Вашингтонға хабар береді. Өз кезегінде "АҚШ та осындай мәлімет беріп отырады" деді ол.
Оның пікірінше, жоспарды жүзеге асыру "ықтимал қауіп-қатерге тиісінше жауап беру үшін әскердің жауынгерлік қабілетін айтарлықтай арттырады".
Қазан айында New York Times (NYT) Ресей ядролық қозғалтқышы бар құрлықаралық "Буревестник" баллистикалық зымыранын Арктикада сынақтан өткізуге дайындалып жатыр, бірақ сынақ өтіп кеткен болуы да мүмкін деп жазған еді.
Ресей "Буревестникті" бұған дейін әлденеше рет сынап көрген. Тәуелсіз Nuclear Threat Initiative бақылаушы ұйымының мәліметіне қарағанда, 2017 және 2019 жылдары Ресей "Буревестникті" 13 рет ұшырып, бәрі де сәтсіз аяқталған. Адам өлімі де болған. 2019 жылы зымыран жарылып, Архангельск облысында жеті адам өлген.
- "Буревестник" – құрлықаралық қанатты зымыран. Ядролық оқтұмсық алып жүре алатын бұл зымыранның ядролық қозғалтқышы да бар. Конструкторлардың пікірінше, ядролық қозғалтқыш зымыранның ұшу қашықтығын шексіз етуге мүмкіндік береді.
- Сарапшылардың сөзінше, зымыран ядролық оқтұмсықсыз-ақ апатқа ұшыраса, ядролық қозғалтқышы алапат апатқа душар етуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР