Еуропа одағы санкцияның 12-пакеті бойынша 61 адам мен 86 заңды тұлғаны шектеді. Тізім Еуропа одағының ресми журналына жарияланған.
Тізімде Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасы Дмитрий Медведевтің ұлы Илья мен Владимир Путиннің немере қарындасы Анна Цивилева бар. Анна Цивилева Украинадағы соғысқа қатысқандар мен соғыста өлгендердің туыстарына көмек көрсететін мемлекеттік "Отан қорғаушылар" қорын басқарады. Бұл қорға да шектеу енгізілген.
Бұлардан өзге санкция тізіміне "Спас" және "Царьград" телеарналары, "Алабуга" арнайы экономикалық аймағы, "АльфаСтрахование" тобы, "Росфинмониторинг" пен оның жетекшісі Юрий Чиханчин, Орталық сайлау комиссиясының 14 мүшесі мен Мәскеу қалалық думасының төрағасы Алексей Шапошников қосылған.
"Ильюшин атындағы авиация кешені", Қазан тікұшақ зауыты, "Тактикалық зымыран қарулары" корпорациясының директоры Борис Обносов пен Ресей әскери-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы Виктор Афзалов та санкция тізімінде тұр.
Ресей сыртқы істер министрлігі Еуропаның 12-санкция пакетіне жауап беретінін мәлімдеген.
- 18 желтоқсанда Еуропа одағы Ресейге салынған санкцияның 12-пакетін бекітті. Онда Ресей алмазын импорттауға тыйым салып, реэкспорт ережесін қатайтқан және жеке тұлғалардың жаңа тізімін қосқан.
ПІКІРЛЕР