Accessibility links

Ақтөбедегі көлік апаты: Оқушыларды жарысқа апарған жүргізуші – мектеп мұғалімі қамауға алынды


Ақтөбеде апатқа ұшыраған оқушылар отырған көлік. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан 2023 жыл.
Ақтөбеде апатқа ұшыраған оқушылар отырған көлік. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан 2023 жыл.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті 19 желтоқсанда оқушыларды жарысқа апара жатқанда апатқа ұшыраған көлікті жүргізуші – мектеп мұғалімі Жандос Шамшаддинді қамауға алды. Оған "Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" (345-баптың 4-бөлігі) және "Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау" (141-баптың 2-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бір күн бұрын Ақтөбе облысының Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би ауылынан аудан орталығы Ырғыз кентіне бара жатқан 5 оқушы, 2 мұғалім мінген көлік жол апатына ұшыраған еді. Екі оқушы мен бір мұғалім қаза болған. Аман қалған үш оқушы аудан орталығындағы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер олардың "миы шайқалған, жырылған, көгерген жерлері бар, сүйектері аман" деген еді.

Ақпаратқа қарағанда, 19 желтоқсанда сағат 8-30 шамасында Самара-Шымкент автожолы бойындағы Құрылыс ауылының тұсында, Ырғыз кентінен шамамен 50 шақырым жерде оқушылар мінген "Toyota" автокөлігі мен "Volvo" жүк көлігі соқтығысқан. Оқушылардың 2007, 2008 және 2009 жылғы екені хабарланды.

Аты-жөнін атамауды өтінген ауыл мұғалімдерінің Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, аудан орталығы - Ырғыздағы гимназиядан өзге мектептерде оқушылар автобусы жоқ. Сондықтан бұған дейін аудан мектептері пән олимпиадасына полиция бастаған автобуспен барып көрмеген. Олардың сөзінше "олимпиадаға апаратын көлікті мұғалім табуға, оқушылар жолақысын өз қалтасынан төлеуге тиіс. Кейін бюджет ақшасы түскен соң мектеп балаларға жолақысын қайтарады".

Былтыр, 2022 жылы 17 желтоқсанда да Ақтөбе облысында осыған ұқсас жол апаты болған еді. Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нұрбек Жұмакешов оқушыларды жарысқа жеке көлігімен алып шығып, жол апатына ұшыраған. Көлікте 9 оқушы мен жаттықтырушы болған. Бір оқушы өліп, төрт бала мен жаттықтырушы ауыр жараланған.

Биыл 11 тамызда Ақтөбе соты Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нұрбек Жұмакешовті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған.

Тергеу органдары Жұмакешовті "абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол жүру ережесін бұзды" (ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі) деп айыптаған.

Ақтөбе облыстық спорт басқармасы волейболшы балалар апатқа ұшыраған соң балалар мен жасөспірімдерге арналған 38 мектептің тоғызында ғана автобус бар деп ақпарат таратқан болатын. Облыс жаттықтырушылары жарысқа үнемі такси жалдап жететінін айтқан.

Жол апатынан сегіз ай өткеннен кейін Темір аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне екі автобус бөлінетін болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG