Accessibility links

CNBC қарашада өткен АҚШ – Қытай саммитінің жай-жапсарын жариялады


Американың CNBC телеарнасы қараша ортасында Сан-Францискода өткен АҚШ және Қытай басшылары Джо Байден мен Си Цзиньпиннің келіссөзі жөнінде мәліметтер жариялады. Келіссөз жөнінде толымды ақпарат бұған дейін жарияланбаған.

Сан-Францискодағы саммит кезінде Қытай басшысы Си Цзиньпин АҚШ президенті Джо Байденге Пекин Тайваньды құрлықтық Қытайға қосу жоспарын жүзеге асырады деп мәлімдеген. Жоспарды жүзеге асыру уақыты анықталмаған, деді Американың ресми тұлғалар арасындағы үш дереккөз және бір бұрынғы ресми тұлғаға сүйенген арна.

Си Цзиньпин келіссөз кезінде Қытай Тайваньды өзіне күш қолданбай бейбіт түрде қосып алуға басымдық береді деген.

"Қытай Тайваньды 2025 немесе 2027 жылдары басып алуды жоспарлайды" деген АҚШ қарулы күштерінің болжамына қатысты пікірін айтқан Си Цзиньпин "бұл болжам қате, себебі Пекин Тайваньға қатысты жоспарын жүзеге асыру мерзімін белгілемеген" деп айтқан.

Қытай делегациясы саммит алдында келіссөзден кейін "АҚШ Қытайдың Тайваньды өзіне бейбіт түрде қосып алу жоспарын қолдайды, Тайваньның тәуелсіздікке ұмтылысын қолдамайды" деген ортақ мәлімдеме жасау жөнінде АҚШ-қа ұсынған. Ақ үй Қытайдың ұсынысын қабылдамаған.

Бұл саммит екі ел қарым-қатынасындағы салқындықты азайтуды көздеген. Қытаймен жанжалдасудан қашқақтап отырған АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Си Цзиньпиннің Тайваньға қатысты ұстанымына алаңдап отыр, деп жазды CNBC

Мақала авторларының сөзінше, Си Цзиньпиннің Тайваньға қатысты мәлімдемесі алдыңғыларынан айтарлықтай айырмашылығы болмаса да, бұл жолы Вашингтонның ерекше назарын аудартып отыр, себебі Қытай Тайваньға барған сайын "жиі агрессия танытып" келеді. Келесі айда өзін-өзі басқарып отырған аралда президент сайлауы өтеді.

XS
SM
MD
LG