Accessibility links

Ақтөбе облысында апатқа ұшыраған көліктің жүргізушісі – мұғалім екі айға қамалды


Ақтөбеде апатқа ұшыраған оқушылар мінген көлік. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан 2023 жыл.
Ақтөбеде апатқа ұшыраған оқушылар мінген көлік. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан 2023 жыл.

21 желтоқсан күні Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотының қаулысымен оқушыларды пәндік олимпиадаға апара жатып, апатқа ұшыраған көліктің жүргізушісі, мұғалім Жандос Шамшаддин екі айға қамалды. Көлік апатынан екі оқушы, бір мұғалім қаза болған. Үш оқушы түрлі жарақатпен ауруханаға түскен.

Соттың мәліметінше, 25 жастағы Жандос Шамшаддин «абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін» күдікке ілінген.

- Сот тергеу органдарының күзетпен ұстау түріндегі шарасын санкциялау туралы өтінішін қанағаттандырды. Күдікті 2024 жылдың 19 ақпанына дейін тергеу изоляторында болады, - деп жазылған сот хабарламасында.

Ырғыз аудандық сотының бұл қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы орта мектептің мұғалімі Жандос Шамшаддин жол апаты болған 19 желтоқсан күні ұсталған. Жандостың әкесі Сайран Бахманов Азаттыққа полиция ұстап әкеткелі бері ұлымен жолыға алмағанын айтты.

Республикалық пәндік олимпиадаға бара жатып, Ырғызға 50 шақырым қалғанда апатқа ұшыраған көлікте Жандос Шамшаддиннің туған қарындасы Назкен Сайранқызы да болған. Оныншы сынып оқушысы Назкен Сайранқызы - жол апатынан қайтыс болған үш адамның бірі. Бейсенбі күні туыстары жол апатынан қайтыс болған мұғалім мен екі оқушыны ақтық сапарға шығарып салды.

19 желтоқсан күні Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би ауылынан аудан орталығына бара жатқан 5 оқушы, 2 мұғалім мінген көлік жол апатына ұшыраған еді. Екі оқушы мен бір мұғалім қаза болған. Аман қалған үш оқушы аудан орталығындағы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер олардың "миы шайқалған, жырылған, көгерген жерлері бар, сүйектері аман" деген еді.

Ақтөбе әкімдігі таратқан ақпаратқа қарағанда, 19 желтоқсанда сағат 8:30 шамасында Самара-Шымкент автожолы бойындағы Құрылыс ауылының тұсында, Ырғыз кентінен шамамен 50 шақырым жерде оқушылар мінген Toyota Alphard автокөлігі мен Volvo жүк көлігі соқтығысқан. Әкімдік көлік салынында болған оқушылардың 2007, 2008 және 2009 жылғы екенін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG