Accessibility links

Ерболат Досаев коммерциялық компанияларға иелік ететінін жоққа шығарды


Алматы әкімі Ерболат Досаев
Алматы әкімі Ерболат Досаев

Алматы әкімі Ерболат Досаев өзіне қатысы бар компаниялар жөнінде сұраққа жауап беріп, нақты жағдайда "ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ, себебі олар коммерциялық емес компаниялар" деп мәлімдеді. Алайда құрылтайшысы өзі деп көрсетілген бес компанияның екеуі ғана коммерциялық емес ұйым саналады.

21 желтоқсан күнгі брифинг кезінде Азаттық тілшісі Досаевтан "компаниялардан кіріс түсіп жатыр ма" деп сұрады. Ол кіріс түспейтінін жеткізді.

" Fizmat Endowment Fund қамқоршылық қорының төрағасы қызметі ақылы жұмыс емес. Салық декларациямда барлығы көрсетілген" деді Досаев.

"Бұл компаниялар сіз басқаратын қаладағы гранттар мен келісімдерден пайда табуы мүмкін, ал бұл мүдде қақтығысы емес пе?" деп сұрады. Досаев бұл компаниялар коммерциялық емес ұйымдар деді. Осыдан кейін брифинг модераторы журналистке келесі сұрақ қоюын өтінді.

Еgov порталының мәліметінше, Ерболат Досаев ERC Holdings (Energy Resource Caspian Holdings), "Алтын Жусан", Lancaster Investments Company, сонымен бірге Fizmat Endowment Fund және РФШМ қоғамдық қорларының құрылтайшысы.

Соңғы айтылған екі қордан бөлек, қалған компаниялар коммерциялық компаниялар саналады.

Lancaster Investments Company ЖШС Lancaster Group компаниясына кіреді. Негізгі қызметі – экономиканың түрлі салаларына инвестиция салу. Компания өнеркәсіп инфрақұрылымы, мұнай-газ сервис, жер қойнауын пайдалану, тау-кен өндірісі және өзге салаларда ірі халықаралық операторлармен бірігіп кәсіпорын құрады.

ERC Holding ЖШС де Lancaster Group-тың құрамына кіреді және сол арқылы Каспий аймағында мұнай өндіруші компанияларға мердігерлік қызмет көрсететін "Ер Сай Каспиан Контрактор" компаниясының 50 пайызына иелік етеді. ERC Holding компаниясы 2020 жылы — 91 мың теңге, 2021 жылы — 854 мың теңге, 2022 жылы — 795 мың тенге, 2023 жылы — 795 мың теңге салық төлеген.

"Алтын Жусан" компаниясы да коммерциялық компания. Ол "өзге топтарға жатпайтын қосымша коммерциялық қызмет көрсетумен" айналысады. Statsnet мәліметінше, 2022 жылы компанияның кірісі шамамен 3 млн теңге болған, 2021 жылы 2,7 млн теңге пайда тапқан.

Fizmat Endowment Fund қоры 2022 жылы - 2,3 млн теңге, 2023 жылы 1,6 млн теңге салық төлеген.

53 жастағы Ерболат Досаев 2022 жылы қаңтарда Алматы әкімі болып тағайындалған. Оған дейін Ұлттық банкті басқарды. Бұрын экономика министрі, вице-премьер болған.

Бұған дейін Ras aitamyn телеграм каналы Алматы әкімдігі Досаев туралы позитивті және негативті пікірлерді аңдып отыру үшін тендер жариялағанын жазған. Әкімдік Азаттық, Airan, Бәсе, Гиперборей, Jurttyn balasy сынды медиалар мен YouTube-арналарды "негатив" тізіміне қосқан. Бұл жұмысқа бюджеттен 5,1 млн теңге бөлінген. Желі қолданушылары әкімдіктің пікірлерді аңдуға осыншама ақша бөлгенін сынады. 21 желтоқсанда ақпаратқа түсініктеме берген Досаев мақсат "сыншыларды іздеу емес, қаланың мәселелерін анықтау" деді.

XS
SM
MD
LG